Электркөлік жасап шығаруда Қытай көш бастап тұр

Жыл өткен сайын әлемде тоқпен жүретін көліктер де, оны тұтынушылар да артып барады, деп хабарлайды 24kz.

Сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2030 жылға қарай көліктің бұл түрін пайдаланушылардың қатары 110 млн-ға жетеді. Қазір бұл салада бәсеке де күшейе түскен. Көш бастап тұрған Қытайда былтыр 9,59 млн дана тоқпен жүретін көлік жасалған. АҚШ пен Еуропа елдері, тіпті Африка да бұл салада көшке ілесіп келеді.

Электркөлік жасап шығаруда көршіміз Қытай көш бастап тұр. Бұл елдің өндіріс қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Әлем нарығының 60%-і Қытай электр көліктерінің үлесінде. Германияда жүргізілген сауалнамаға сәйкес, Әлемге әйгілі автоконцерндерімен танымал Германия халқының өзі кейінгі кездері отандық өнімге емес, қытайлық брендтерге бет бұра бастаған. Сауалнама нәтижесі бойынша 30 бен 39 жас аралығындағы азаматтардың 74%-і қытай көліктерін сатып алуды құп көретіндерін жеткізген. Ал 18 бен 29 жастағы тұрғындар арасындағы көрсеткіш – 72%. Бұған сапа мен бағаның үйлесімі себеп.

 

Rolls-Royce голографикалық электр көлігін таныстырды

Британдық Rolls-Royce компаниясы электр купенің арнайы нұсқасын ұсынды. Оның басты айырмашылығы – жарқыраған ай сәулесін бейнелейтінн голографиялық кескін. Көлік жеті қабат лак, сондай-ақ, магний мен алюминий фторидінің ұсақ бөлшектері бар меруерт түстес бояумен көмкерілген. Осы арқылы  күн сәулесімен шағылысып, ерекше жалтырайды. Жаңа өнім Lunaflair деп аталды. Аталмыш бояуды шығару үшін бір жылдан астам уақыт кеткен. Әзірге мұндай көліктің тек бір данасы ғана шығарылды.

Африкадағы электрмобиль өндірісі бойынша көшбасшы ел Марокко 2025 жылға қарай нарықтағы сатылымды 20%-ке ұлғайтпақ. Қазірдің өзінде мұнда жылына 700 мың автокөлік құрастырылып шығарылады. Бұл ел Қытай, Үндістан, Жапонияға қарағанда Еуропаға автомобильді көбірек тасымалдайды. Бар болғаны 20 жылдың ішінде Марокко электр көлігі өндірісін қарқынды дамытып үлгерді. Қазір автомобиль жасап шығаратын 250-ден астам компания жұмыс істейді. 200 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылған. Renault брендімен танымал француздардың шағын көліктерінің көбі дәл осы Мароккода жасалады.

Авторы: Фариза Жанғанаева