Баварияда электрлі тракторды сынақтан өткізу жұмыстары жүріп жатыр
Мұндағы мақсат – шығындарды азайту. Шаруалар оған сұраныстың жоғары болатынын айтады. Мұндай техниканың өзгелерден ерекшелігі неде?
Мұндай тракторлар дизельді отынмен жүрмейді. 2 электрлі аккумулятор негізінде 10 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Ол фермерлерге қажетті күнделікті шаруаларды орындауға көмектеседі. Техниканы қолданбаған кезде аккумуляторларының көмегімен алынған электр энергиясын басқа да ауыл шаруашылығы жабдықтарының жұмысы үшін қолдануға болады. Демек, экологиялық жағынан тиімді. Электрлі тракторлар сынақтан өткізу жұмыстарына қатысып жатқан фермерлердің көңілінен шықты.
Франц Оберайзенбухнер, фермер:
- Біз ферманың шатырына фотоэлектрлі жүйелер орнатып қойдық. Трактордың аккумуляторын сонда қойып, оның жұмысына қажетті электр энергиясын алып отырамыз. Демек, басқа жаққа барып, дизельді отын сатып алудың қажеті жоқ. Бұл ақшамен қоса уақытты да үнемдейді.
Десе де, мұндай техниканың кемшін тұстары да жоқ емес. Мысалы, ол жер жырту секілді ауыр жұмыстарға жарамайды. Бағасы да кәдімгі трактормен салыстырғанда қымбаттау. Өндірушілер соның өзінде электрлі тракторды пайдалану экономикалық жағынан тиімді екенін айтады.
Йоханна Байер, Электрлі тракторды жасап шығарған компанияның басшысы:
- Сапасы жоғары тракторлар 180-200 мың еуро тұрады. Біздікі олардан 35%-ке қымбат. Бірақ техника пайдалану шығындарын 2000-3000 жұмыс сағаттарынан кейін ақтай алады.
Бавариядағы сынақтан өткізу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Егер бәрі ойдағыдай өтсе, тракторлар келер жылдың соңында нарыққа шығарылуы тиіс.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева