Қытайда ұшатын көліктер шығаратын зауыт салынып жатыр
Қытайда жаппай ұшатын көліктер шығарылмақшы, деп хабарлайды 24kz.
Қазір көрші елде зауыттың құрылысы басталды. Өндіріс орнында жылына 10 мың дана ұшатын автокөлік жасалады. Әлемдегі ең алғашқы инновациялық жоба Гуандун аймағында жүзеге асырылып жатыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытай елі автокөлік өндірісіне мықтап кірісті. Атақты электромобильдерімен әлем нарығын жаулап, енді жерде де, көкте де қатынайтын ұшатын көлік жасауға кірісті. Жасағанда қалай? Жасап, сынақтан өткізіп қойған. Енді соны жаппай шығарады. Бүгінде Гуанчжоу қаласында жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Аумағы 180 мың шаршы метр болады.
Ұшатын көлік құралы екі бөліктен тұрады. Жерде және әуеде қатынайтын модельдері бар. Ұшатын модель жерде жүретін бөлігінің үстінде орналасады. Қажет болған жағдайда қуат алып отырады. Екеуі де бір-біріне автоматты түрде қабысып, дәл солай ажыратылады. Алғашқы нұсқасы қыркүйек айында сынақтан сәтті өткізілген болатын. Енді алдағы қараша айында көлік құралы көпшілікке көрсетіледі. Мүмкіндіктері таныстырылады. Сонымен қатар қашыққа қатынайтын дрон көліктердің жаңа нұсқасы жария етіледі деп күтілуде.
Цю Минцюань, Xpeng Aeroht компаниясының вице-президенті:
- Бұған дейін жасалған дрондар мен ұшақтарды басқару күрделі болатын. Оны игеру үшін арнайы оқу курстарынан өту керек болды. Ал ұшатын жаңа көлікті басқаруды 5 минутта үйреніп алуға болады. Егер оны да күрделі десеңіз, автоматты түрде ұшып, қона алатын режимі де қарастырылған. Зауыттың құрылысы аяқталған соң мүмкіндік артады. Көлік бір жерде шығарылып, құрастырылады. Бұл өндіріс барысын толық бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Жобаның тиімділігі мен сапасына басымдық беріледі.
Ұшатын көліктер жеке қолданыстан бөлек, қоғамдық қызмет көрсету, апатты жағдайларда құтқару және туризм кезінде экскурсия жасауға пайдалануға болатындай етіп жасалады. Сонымен қатар ірі мегаполистердегі көлік кептелісі мен қала аралық қозғалыстағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Ұшатын көліктерге жылдың аяғына қарай алдын ала тапсырыс қабылдау басталады. Компания жариялаған мәліметке сәйкес бастапқы бағасы 280 мың АҚШ доллары деп бағаланған. Теңгемен 120-130 миллионның шамасында. Ал, мұндай көліктердің біздің елге импортталуы уақыт еншісінде.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы