Грузияда сайлау нәтижесіне қарсы ауқымды шеру өтті
Грузияда парламент сайлауының нәтижесіне қатысты ауқымды наразылық шеру өтті.
Оппозиция билік басындағы "Гүржі арманы" партиясына қарсы шығып, дауыс санағы бұрмаланды деген айып тағып отыр. Мұны ел президенті де құптайды.
Тбилисиде 20 мыңдай адам наразылық акциясына шығып, 26-шы қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесіне көңілдері толмайтынын білдірді. Билік басындағы «Гүржі арманы» партиясы шамамен 54 пайыз дауыс жинаған болатын. Алайда оппозиция мен ел президенті билікке сайлау нәтижесі бұрмаланды деп айып тағып, оның заңдылығына күмән келтірді.
Саломе Зурабишвили, Грузия президенті:
- Осындағы азаматтардың барлығы сайлауда жеңілген жоқсыздар. Сіздердің дауыстарыңызды ұрлап кетті. Осылайша, болашағыңызды да ұрламақ болды. Оған ешкімнің құқығы жоқ. Біз сіздердің дауыс беру құқығыңызды қорғау үшін күресеміз. Қазір пессимизмге орын жоқ. Оның орнына сабыр сақтап, басымызды тік көтеріп, өз дауыстарымызды қорғау маңызды.
Наразылық акциясын ұйымдастырушылардың қатарында сайлауда 5 пайыздық межені еңсеріп, парламенттегі орындарға ие болған төрт оппозициялық партия бар. Алайда олар сайлау нәтижелерімен келіспейтіндерін білдіру мақсатында мандаттан бас тартатынын мәлімдеді. Грузиядағы оппозиция еуропалық бағытты ұстанған. Сондықтан шеруде мемлекеттік тумен бірге Еуроодақ жалауы да болды.
БЛИЦ
1.Біздің осында келуіміздің себебін өздеріңіз де білесіздер. Мұнда жалғыз мен ғана емес. Бүкіл Грузия бар. Халық Еуропаға бет бұрып, болашақ ұрпақтарымыздың бақытты болуын қалайды.
- Бүкіл әлемге Еуропаға қосылуды қаншалықты қалайтынымызды көрсету үшін осында келдік. Біздің саяси ұстанымызды елеп-ескеріп отырған үкімет жоқ.
Осыған байланысты оппозиция өкілдері халықаралық сайлау әкімшілігінің бақылауымен қайта сайлау өткізуді және Орталық сайлау комиссиясының электронды ақпаратын алуды талап етіп отыр. Ол үшін наразылық акциясына қатысушылар үкіметке 24 сағат уақыт берді.
Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили