Израиль мен «Хезболла» арасындағы келіссөздерде ілгерілеу бар

Израиль мен «Хезболла» арасында атысты тоқтату туралы келіссөздерде ілгерілеу бар. Бұл туралы Израильдің Ynet порталы жоғары лауазымды тұлғаларға сілтеме жасай отырып хабарлады.

Аталған басылымның мәліметі бойынша АҚШ-тың Ливандағы арнайы өкілі Амос Хохштейн тиісті келісім бойынша жұмысты аяқтау үшін 5 қарашаға дейін екі елге баруы мүмкін. Құжат бірнеше тармақтан тұрады. Соның бірі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын орындау, яғни «Хезболла» қозғалысы мен Израиль арасындағы атысты тоқтату. Ол үшін Ливан Газаға қатысты бейбіт бастамаларға қосылуы керек. Сонымен қатар «Хезболланың» қайта қарулануының алдын алуға және әуе, құрлық және теңіз арқылы қару-жарақ жеткізуге тосқауыл қою шаралары қабылдануы тиіс. Газа секторындағы атысты тоқтату туралы келіссөздер Дохада осы аптаның басында қайта жанданды.