ЮНИСЕФ: Израильдің БАПОР жұмысына тыйым салуы балалар өлімінің артуына әкеледі
Израильдің палестиналық босқындарға көмектесумен айналысатын БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы агенттігінің қызметіне тыйым салуы Газадағы балалар арасында өлім-жітімнің өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл туралы ЮНИСЕФ өкілдері мәлімдеді.
Мыңдаған ерікті жұмыс істейтін ұйым қазір анклав тұрғындарының біразын азық-түлік және қажетті заттармен қамтамасыз етіп отыр. Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігі Палестина-Израиль қақтығыс өршігелі аймақта 13 мыңнан астам бала қаза тапқанын хабарлады. Бұдан бөлек, мыңдаған адам аурудан және азық-түлік пен су жетіспеушілігінен көз жұмған. Бұған дейін Израиль парламенті БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы агенттігіне еврей армиясының бақылауындағы аймақта қызмет етуіне тыйым салған еді.