Аптасына төрт күн жұмыс істеу денсаулыққа оң әсер етеді — сарапшылар

Әлемнің кей елдері жұмыс күнін азайтып жатыр. Яғни, аптасына бес күн емес төрт-ақ күн жұмысқа барады. Мұндай жаңашылдықты біраз ел енгізіп үлгерген. Олардың ішінде Испания, Жаңа Зеландия, Жапония мен Исландия табысты нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Ал кей елдерде, керісінше, тұрғындар аптасына 6 тәулік бойына еңбек етеді. Сөйтіп, қысқа не ұзақ жұмыс аптасының тиімділігі қандай? Зияны неде? Жұмыс кестесінің қысқаруы қаншалықты тиімді?

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, аптасына 4 күн жұмыс істеу адамның әл-ауқаты мен денсаулығына оң әсер етеді. Бірақ жұмыс жүктемесі ұлғая түседі.

Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша әлемде ең қысқа жұмыс аптасы Тынық мұхитындағы Вануатуда енгізілген. Бұл елдің тұрғындары аптасына бар болғаны 24,7 сағат жұмыс істейді. Алғашқы үштікті Кирибати, Микронезия мен Руанда толықтырып тұр. Кирибатиде апталық еңбек өнімділігі – 27 сағат, ал Микронезия мен Руандада – 30,4 сағат. Мұнан соң 31,4 сағатпен Сомали, 20 минут айырмашылықпен Нидерланд тізімге енген. Ирак халқы да қысқартылған жұмыс кестесін құптайды. Уоллис пен Футуна аралының тұрғындары 31,8 сағат еңбек етсе, эфиопиялықтар шамамен 32 сағат жұмыс істейді. Алғашқы ондықты Канада қорытындылайды. Канадалықтар аптасына уақытының 32 сағат 10 минутын ғана қызметіне арнайды.

700 мың ғана тұрғыны бар Бутан әлемдегі жұмыс өнімділігі өте жоғары ел ретінде көш бастап тұр. Бутандағы бұқара аптасына орта есеппен 54,4 сағат жұмыс істейді. Бұдан кейін 50,9 сағатпен Біріккен Араб Әмірліктері, 50,4 сағаттық еңбек өнімділігімен Лесото тізімге енген. Апталық жұмыс уақыты Конго, Қатарда 48 сағаттан жоғары болса, Либерия, Мавритания, Ливан, Моңғолия және Иорданияда 47 сағаттан асады.

 

Көп ел қысқартылған жұмыс кестесіне көшіп жатыр

Таяуда Исландия билігі 4 күндік жұмыс аптасын заңды түрде қолданысқа енгізді. Жаңа жүйе бекітілгеннен кейін жұмысшылардың жалақысы сол қалпы өзгермеген. Ал экономикалық өсім Еуропаның кей елдеріне қарағанда әлдеқайда артқан. Қысқартылған жұмыс аптасын енгізбес бұрын зерттеушілер 2500 адамның қатысуымен сынақ жүргізіп көрді. Нәтижеге сәйкес жұмысшылардың көңіл күйі жақсарып, еңбекке қабілеттілігі арта түскен. Жұмыс пен жеке өмір тепе-теңдігін сақтауға машықтанған. Қазір кәсіподақ ұйымы бүкіл ел бойынша жұмыс уақытын қысқартып жатыр.

Гудмундур Д. Харальдссон, зерттеуші:

- Бұл зерттеу – жетістіктің айқын көрінісі. Исландия халқы біртіндеп қысқартылған жұмыс аптасына көше бастады. Ал ел экономикасы нақты көрсеткіш бойынша өсімге қол жеткізіп отыр.

Еуропада 4 күндік жұмыс аптасын заңдастырған алғашқы ел – Бельгия. Мұндағы мекемелер 2022 жылы жұмысшылардың жалақысын қысқартпай, әдеттегі бес күннің орнына төрт күн толық жұмыс істеуге көше бастады. Жаңа жүйе былтыр заңды күшіне енді. Жұмыс күні қысқарғанымен, жалақы мөлшері өзгермеген. Ең бастысы, тапсырылған шаруаның уақытылы аяқталуына мән беріледі.

Александр Де Кроо, Бельгия премьер-министрі:

- Біз қызметкерлер мен компаниялардың өз уақытын басқару еркіндігіне қол жеткізу үшін қысқартылған жұмыс кестесін енгіздік.

Биыл Ұлыбритания билігі 4 күндік жұмыс аптасына сынақ жүргізді. 6 айлық пилоттық жобаға 61 мекеме қатысты. Олардың 89%-і аз жұмыс істеп, көп шаруа тындыруға болатынына көз жеткізген. Қызметкерлері жалақыны толық алған. Күйзелістен арылып, жұмысқа деген құлшыныстары артқан. Осыған байланысты тәжірибе аяқталғаннан кейін сынаққа қатысқан әр екінші бірлестік 4 күндік кестеге біржола көшкен.  

 

Грекияда 6 күндік жұмыс аптасы енгізілді

Көп ел 4 күндік жұмыс аптасына көшуге ниеттеніп жатса, Грекия билігі, керісінше, жұмыс кестесін ұзартты. Сөйтіп, қызметкерлер үшін 6 күндік межені заңды түрде енгізді. Құжатқа сәйкес алтыншы жұмыс күні үшін жалақыға 40% үстеме төленеді. Бұл орайда тәулік бойы қызмет көрсететін кәсіпорындар ғана 6 күн жұмыс істейді. Ал туризм мен қоғамдық тамақтану салалары үшін жұмыс кестесін өзгерту міндетті емес.

Шамадан тыс жүктеме қызметкердің жүйкесіне ғана емес, денсаулығына зақым келтіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері осылай дейді. Олардың айтуынша, аптасына 40 сағат, тәулігіне 8 сағаттық жұмыс – ең қалыпты норма. Егер жұмыс кестесі 55 сағаттан асып кетсе, психикалық ауытқушылық пен жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу қаупі ұлғаяды. Артық жұмыс істейтін адамдардың 35%-і инсультке, 17%-і инфарктқа шалдығуы мүмкін.