Испанияда су тасқынынан көз жұмғандар саны артты
Испанияда алапат тасқын салдарынан ондаған адам жоғалып кетті.
Табиғи апаттан ажал құшқандар саны 95-ке жеткен. Елде 3 күн қаралы деп жарияланды. Кейбір елдімекендер қалың судың ортасында оқшауланып қалған.
Толассыз жауған нөсір соңы кейінгі 30 жылдағы ең алапат тасқынға ұласты. Бәрінен де Валенсия аймағы қатты зарлап шекті. Құрбандардың басым бөлігі осы өңірден. Валенсия аймағында 8 сағат ішінде жауын-шашынның бір жылдық мөлшері түскен.
Хавьер Беренгер, Утьель қаласының тұрғыны:
"Мен тасқын жүре бастағанда наубайханамда жұмыс істеп жатқан едім. Су бірден кеудеме дейін көтерілді. Терезесінен шығып, әрең аман қалдым. Су үйімді де шайып әкетті."
Мария Кармен Мартинес Рамирес, Утьель қаласының тұрғыны:
"Сұмдық! Бір ер адамның үлкен дуалға жармасып, жан ұшырғанын көрдім. Тікұшақ келгенше сонда асылып тұрды. Өте қорқынышты!"
Кастилия Леон аймағында 300-ге жуық жолаушы келе жатқан пойыз жолдан шығып кетті. Абырой болғанда, кісі шығыны болған жоқ. Билік құтқарушыларға көмек ретінде мыңнан астам сарбазды жұмылдырды. Ондаған адам із-түссіз жоғалып кеткен. Испания патшасы мен премьер-министрі жақынынан айырылғандарға көңіл айтты.
Филипп VI, Испания патшасы:
"Қайғылы оқиғаға байланысты жақынын жоғалтқан барлық отбасыларға көңіл айтамыз. Көптеген мүлік қирады. Кейбір аймақтарға әлі жете алмай жатырмыз. Сондықтан алапат тасқынның зардабын әлі толық білмейміз. Премьер-министр және барлық аймақ басшыларымен байланыстамын. Барлық шараларды жасап жатырмыз."
Педро Санчес, Испания премьер-министрі:
"Бүкіл Испания қара жамылды. Испания үкіметі мен барлық қоғамның атынан құрбандардың туғандарына көңіл айтамын. Біздің алдымызда тұрған ең үлкен міндет - сіздерге көмектесу. Біз сіздерді жалғыз қалдырмаймыз. Құтқарушылар да жоғалғандарды іздеп жатыр."
Испания халқына Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен де көңіл айтты.
Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия басшысы:
"Табиғи апаттың күтпеген жерден келіп, бәрін жайпап өткенін көрдік. Тұтас ауылдар лай астында қалған. Қаншама адам көз жұмды. Мыңдаған тұрғын жылы орнын суытуға мәжбүр. Еуропа Испанияға қол ұшын созуға әзір."
Испанияның Метеорология қызметі бүгін де күн райы қолайсыз болады деп ескертті. Бұл жолы жауын-шашын Пиреней түбегі жақтан келуі мүмкін.
Ернат Қашқынов, Ернар Демесінов