Қытайдың оңтүстігін топан су басты

Қытайда бірнеше қаланы су басты, деп хабарлайды 24KZ. Елдің оңтүстік бөлігінде теңіз дауылы тоқтаусыз соғып, нөсер төпелеп тұр. Салдарынан өзендер тасып қала, елді мекендер тасқын судың астында қалды. Әуе, теміржол, автомагистральдар жабылып, қозғалыс шектелді. Халықты құтқару операциясы әлі де жалғасып жатыр.

Қытайдың Хайнань провинциясында жағдай қиын. Бірнеше күннен бері Трами тайфуны ойран салып жатыр. Табиғи апат салдарынан Цюнхай, Чжунъюань сияқты 7 қала мен бірнеше елді мекен қызыл судың астында қалды. Ең қатты зардап шеккен Шиби мен Луньцзян шаһарлары. Байланыс, жарық мүлдем жоқ. Су тасыған аймақтан 7 мыңнан астам адам құтқарылды. Әлі қанша адам судың құрсауында қалғаны белгісіз. Бірінші кезекте балалар, әйелдер мен қарт адамдар шығарылып жатыр.

Ян Чжан, жергілікті тұрғын:

- Біздің ауылда әлі де біраз адам қалды. Әсіресе қарттар мен балалы әйелдерге қиын. Көбісі қырға шығып күтіп отыр. Мен көпір арқылы айналып өтіп, тракторға дейін әрең жеттім.

Қазір 26 мыңға жуық тұрғын үй жарықсыз отыр. 22 бағыт бойынша жолдарды су шайып барыс-келіс тоқтап қалды. Құтқарушылар бір аптадан бері тайфунмен арпалысып жатыр. Топан судың тереңдігі 2 метрден асады. Эвакуациялау жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Жоғалған адамдар тікұшақ және қайықтармен іздестіріліп жатыр.  

Тао Юйчэн, Хайнань аймағы полиция басқармасының бөлім командирі:

- Құтқару кезінде кедергілер көп. Біріншіден, судың ағысы қатты. Екіншіден, ағаш пен қоқыс көп. Жедел әрекет етіп, қайықпен қозғалу қиынға соғып тұр. Ескекпен жүрміз. Құтқарушылар үлгермей жатыр. Қосымша көмек тартуға мәжбүр болдық.

Қазір Хайнаньға 800 дей әскери жұмылдырылды. Сонымен қатар өрт сөндірушілер де тартылған. Бұл аздай енді Қытайға қарай Конг-рей тайфуны жақындап келеді. Теңіз дауылы жойқындығы мен қауіптілігі жағынан екінші орын алады. Қазір 12 мыңнан астам кеме шұғыл түрде жағаға шығарылды. Теңіз бетінде жүріп жатқан түрлі қазба, құрылыс жұмыстары тоқтатылып, жұмысшылар эвакуацияланып жатыр. Аймақта қауіп туралы ескерту жарияланды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын.