Молдова тұрғындарының 50,35%-і Еуроодаққа қосылуды құптады
Молдованың Конституциялық соты Еуропалық одаққа қосылу туралы референдумдың нәтижесін түпкілікті бекітті, деп хабарлайды 24kz.
Азаматтардың 50,35%-і еуроинтеграцияны қолдаған. Қарсы дауыс бергендермен айырмашылық 1%-ке де жетпейді. Енді Молдованың Ата заңына «Еуроодақ ережелері Молдовадағы заңдардан биік тұрады» деген өзгеріс енгізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, референдум 20 қазанда өткен болатын. Кейбір оппозиция белсенділері нәтижемен келіскен жоқ. Коммунистік партия дауысты қайта санауды талап еткен. Бірақ соңғы сөзді Конституциялық сот айтты. Елдің Орталық сайлау комисиясы дауыс беруге азаматтардың 50,72%-і қатысқанын жеткізген. Молдова 2022 жылы Еуроодаққа мүше болуға үміткер мәртебесін алған еді.