Африкада 21 млн бала ашқұрсақ жүр

Аштыққа ұшырағандардың саны бойынша Африка елдері көш бастап тұр. Елді жайлаған қуаңшылық салдарынан тұрғындар ішерге ас таба алмай отыр. БҰҰ-ның өкілдері құрлықта кейінгі бірнеше жылдағы ең күрделі азық-түлік дағдарысы орнағанын айтып дабыл қағып отыр.

Африканың оңтүстігіндегі 5 мемлекет ұлттық деңгейдегі апат туралы жария етті. Бұл – Лесото, Малави, Намибия, Замбия және Зимбабве. Мұнда биыл кейінгі 100 жылда болмаған қуаңшылық орнады. Қазір өңірдегі Ангола мен Мозамбикте де жағдай қиын. Енді бұл елдер халықаралық қауымдастықтан гуманитарлық көмек сұрап отыр. 

Томсон Фири, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілі:

- Африканың оңтүстігі үшін қазаннан өнім шықпайтын күрделі маусым басталады. Ай сайын жағдай тек қиындай түседі. Келер жылдың наурызына дейін жақсаруы оңалуы екіталай.

Халықаралық ұйым өкілдері бұл елдерге гуманитарлық көмек көрсететінін айтады. Бірақ мәселе ақшаға кеп тіреледі. Ұйымға қажетті 369 миллион доллардың орнына 70 миллионы ғана жиналған. Әлемдегі геосаяси ахуал ушығып, Газа секторы, Ливан секілді аймақтарда көмекке мұқтаж өңірлер көбейді. Сондықтан қаржы тапшылығы мәселесі тіптен ушығып барады.

Томсон Фири, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілі:

- Африканың оңтүстігінде тойып тамақ ішпеген 27 миллион адам көз жұмды. Шамамен 21 миллион балаға аштық қаупі төніп тұр. Бұл ретте біз өңірдегі ахуал гуманитарлық апатқа ұласпай тұрғанда әлем елдерінен шұғыл түрде көмек көрсетуін сұраймыз.

Өңірде азық-түлік бағасы шарықтап кеткен. Ал Намибия мен Зимбабве билігі пілдерді өлтіріп, солардың етін жеуге рұқсат берді. Қазір Африканың батысы мен орталығындағы мемлекеттерге де аштық қаупі төніп тұр. Алдағы айларда аймақтағы Нигер, Чад, Камерун мен Нигериядағы 6 миллион адам тамақтан таршылық көруі мүмкін деген күдік бар. Қазірдің өзінде жергілікті ауруханаларға түсіп жатқан ашқұрсақ балалар саны аз емес. Бір ғана Нигерияның өзінде кейінгі бір жылда кішкентай науқастар саны 24%-ке артқан.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.