Ливия қураған ормандарды қалпына келтіріп жатыр
Ливияда ормандарды қалпына келтіруге бағытталған ауқымды акция қолға алынды. Бұл бастама елдің экологиялық тұрақтылығын нығайту мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Ливияның батысында орналасқан Әл-Нигаза ормандары бір кездері жасыл желекке толы, гүлденген алқаптарымен танымал еді. Алайда климаттың өзгеруі кері әсер етіп, тұмса табиғатымен көз тартқан жерлер қазір шөл далаға айналған. Жергілікті эколог Ибрагим Этман климаттың өзгеруінен ағаштардың толығымен қурап кеткенін мәлімдеді.
Ибрагим Этман, эколог:
- Бүгінде жағдай мәз емес. Ағаштарымыз су тапшылығы мен ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан қурап қалған. Сондықтан біз енді олардың орнын толтыру үшін көшет отырғызу жұмыстарын қолға алдық.
Ормандарды қалпына келтіру жөніндегі шаралар аймақта жыл сайын өткізіліп тұрады. Бұл игі іс-шараға ересектермен қатар мектеп оқушылары мен студенттер де қатыса алады. Экобелсенеділер тұрғындарды кем дегенде бір көшеттен отырғызуға шақырып жатыр. Бұл өз кезегінде экологиялық күрделі мәселелерді тиімді шешуге үлкен үлес қосады.
Салех Шакан, экоерікті:
- Ағаштар – даму мен өмірдің жарқын символы. Олар бізге оттегі бөліп, жаһандық жылынудың қаупінен қорғайды. Біздің міндетіміз – балаларымызға орманды қорғау және сақтау жолдарын үйрету. Ата-бабаларымыз да дәл осы мақсатпен мұнда ағаш еккен. Қазір біз осы құнды дәстүрді жалғастырып, болашақ ұрпақ үшін бар күшімізді салып еңбек етіп жатырмыз.
Ұзаққа созылған құрғақшылық жағдайды одан әрі қиындатып жатыр. Бұл өңірде жылына 300-ден 500 миллиметрге дейін жауын-шашын түседі. Десе де бұл табиғи экосистема үшін жеткіліксіз. Сарапшылардың айтуынша, соңғы он жылда Триполи мен Мисурата арасындағы жасыл белдеудің аумағы екі есеге қысқарған. Осы ретте экобелсенділер орманды қайта қалпына келтіру үшін барынша күш салу керектігін айтты.
Тахер Әли Абдалла, экоерікті:
- Климат өзгерісінің әсері бүкіл әлемді, соның ішінде біздің елімізді де қатты алаңдатып отыр. Қазіргі кезде біз құрғақшылық мәселесімен бетпе-бет келіп отырмыз. Экожүйемізді сақтап қалу үшін бірнеше көшет отырғыздық. Бұл шара ормандарды қалпына келтіру жолындағы алғашқы қадамдарымыздың бірі ғана. Егер әр адам табиғатты қайта жандандыруға атсалысса, бірнеше жылдан кейін жасыл желекке оранған мекенде өмір сүреміз.
Әл-Нигаза ормандары жаппай жойылып кету қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Экологтар: «Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, алдағы он жылда орман толығымен жойылып кетуі мүмкін», – дейді. Мұндай жағдай флора мен фауна үшін зор қауіп төндіреді.
Авторы: Динара Орынтай.