Сеулде Қазақстанның туристік әлеуетіне арналған көрме өтіп жатыр

Сеул қаласының Инсадон дәстүрлі өнер көшесінде Қазақстанның туристік әлеуетіне арналған көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Бұл көрмеде шамамен 40 фото мен картиналар қойылған, олар келушілерді Қазақстанның көрікті жерлерімен таныстырады. Сеул тұрғындары экспонаттарды 5 қарашаға дейін тегін тамашалай алады. Көптеген материалдар Астанада өткен Көшпенділер ойындарын еске салады. Сайыстарға 88 елдің өкілдерімен қатар Оңтүстік Кореяның спортшылары да қатысты. Көрме барысында ұйымдастырушы, «Diplomacy journal» басылымының басшысы Ли Джон Ён Қазақстаннан келген студент Алан Тазабекке стипендия табыстады. Сыйақы Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени шараларға белсенді қатысқаны үшін берілді. Көрменің ашылу рәсімінде елшіз Нұрғали Арыстанов екіжақты мәдени алмасудың маңыздылығын атап өтіп, көрме қонақтарын Қазақстанға шақырды.

Нұрғали Арыстанов, Корея республикасындағы ҚР Елшісі:

- Мұнда тамаша фотосуреттер жинағы ұсынылған. Қазақстанның таңғажайып табиғаты мен бай мәдениетін көрсеткіміз келеді. Осы көріністерді біздің елге келіп, тамашалаңыздар. Корей туристері Қазақстанда 30 күнге дейін визасыз демала алады.

Ю Ён Хи, суретші:

- Мен биыл Қазақстанда болдым. Алматыда қоғамдық көлік пен такси өте ыңғайлы. Жергілікті тағамдар ұнады. Мені табиғат, әсіресе, Шымбұлақ қызықтырды. Сол жерде шаңғымен сырғанаған едім.