Үндістандағы өзен улы көбікке толды

Үндістан астанасындағы Ямуна өзені улы көбікке толды.

Зиянды қалдықтардан жиналған ақ көбік жергілікті тұрғындардың денсаулығына зиян келтіріп жатыр. Экологтар дабылынан соң ел билігі қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шараларын қол ала бастады. Толығырақ тілші материалында.

Ақ көбік басқан Ямуна өзені миллиондаған адамның өміріне қауіп-қатер төндіріп тұр. Ямуна - Ганг өзенінің ең ұзын әрі суы мол саласы. Оның жалпы ұзындығы 1376 шақырым. Бұл жер әлемдегі ең ластанған өзендердің бірі ретінде танымал. Экологтардың пікірінше, улы су буланып, тұрғындардың тыныс алу жолдарын зақымдауда. Ал ауадағы зиянды қалдықтар мөлшері  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген көрсеткіштен 18 есе асып түскен.

Имран Хан, студент:

- Судың  ластанғаны сонша, адамдардың қалыпты тыныс алуы қиынға соғуда. Біз таза ортада өмір сүруіміз қажет. Егер бұл мәселе өз шешімін таппаса, адамдар өкпе ауруларымен ауырып, ауыр халге ұшырайды.

Улы көбік тазартылмаған ағынды сулардың нәтижесі. Күн сайын су қоймасына 3 жарым миллиард литрден астам өндірістік қалдықтар мен  пестицидтер келіп  құйылады.  Десе де, өзен маңы тұрғындар жиі бас қосатын жер  ретінде саналады.

Шишупал Кумар, жергілікті тұрғын:

- Адамдар мұнда алыстан келеді, діни рәсімдерін орындау үшін жиналады. Ал бірақ нәтижесінде өзен одан сайын ластанады. Олар суға гүл, май, сабын лақтырады. Кейбірі тіпті  суға түседі. Бір қарағанда, судың бетін қар жауып қалғандай  көрінеді. Бірақ шын мәнінде бұл улы химикаттар.

Жергілікті билік мәселені шешу үшін көбікті жоюға арналған химикаттарды пайдалануда. Моторлы қайықтар су айдынына  шығарылып, өзенді  улы заттардан тазалау  шаралары жүргізілуде.

Динара Орынтай