Эстония цифрлы көшпендіге арналған визаны бірінші болып енгізді
Бүгінде әлем бойынша 40 миллион адам заманауи көшпенді мәртебесіне ие.
Олар қашықтан жұмыс істеп, саяхаттайтын шетелдік туристер. Бір қызығы, мұндай азаматтардың қатары жыл өткен сайын көбейеіп келеді. Бүгінде әлемнің 45 елі нео номадтарға арнап арнайы виза түрін енгізген. Осылайша, бұл мемлекеттер кәсіби білімі мен тұрақты табысы бар азаматтарды көптеп тартуға тырысып бағуда.
Эстония цифрлық көшпенділерге арналған визаны бірінші болып енгізген ел. Ол жұмыс пен демалысты үйлестіріп, қашықтан жұмыс істеп саяхаттайтын шетелдік туристерге арналған. Neo Nomad визасын алу үшін шетелдік азаматтар соңғы алты айдағы табысы кем дегенде 3500 еуро екенін растауы қажет. Сонымен қатар, фрилансер немесе басқа елде тіркелген жеке бизнесі барын дәлелдеуі тиіс. Виза елде бір жылға дейін болуға мүмкіндік береді. Кейін оны ұзарту жағы да қарастырылған. Эстония сондай-ақ, заманауи көшпенділер үшін кез келген жерден онлайн түрде бизнес тіркеуге және басқаруға мүмкіндік беретін электронды азаматтықты ұсынады.
Португалия
YOUTUBE.COM/СМОТРИ С НАМИ
Португалия цифрлық көшпенділер үшін визаның бірнеше түрін ұсынады. Атап айтқанда, пассивті табысы барлар D7 визасын, ал қашықтан жұмыс істейтін шетелдіктер арнайы цифрлық визаны рәсімдей алады. Ол үшін өтініш берушілер Португалияда өмір сүруге жеткілікті тұрақты табысы барын дәлірек айтқанда, айлық жалақысы кемі 800 еуро болатынын дәлелдеуі керек. Яғни азамат банк үзінділері, салық декларациялары мен жұмыс берушімен жасалған келісімшартты ұсынуы қажет. Жалпы D7 визасы екі жылға дейін беріледі. Қажет болған жағдайда оны бес жылдық мерзімге ұзартуға болады. Виза иелері кейін тұрақты тұруға өтініш беруіне, тіпті азаматтық алуына да мүмкіндігі бар.
Германия
Заманауи көшпенділер үшін тартымды тағы бір ел – Германия. Бұл мемлекет шетелдік туристерді технологиялық мүмкіндіктерімен, стартаптарымен қызықтырады. Сондықтан жұмыс пен демалысты қатар алып жүремін дейтін шетелдіктер үшін ел билігі фрилансер визасын іске қосқан. Бұл бағдарлама арқылы заманауи көшпенділер визаны 3 жылға дейін рәсімдей алады. Бұдан бөлек, фрилансерлерге неміс компанияларында жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.
Таиланд
Нео номад визасын қазақстандық туристер арасында танымал Тайланд елі де ұсынады. Өмір сүру арзандығымен, бай мәдениетімен, қонақжай халқымен әйгілі бұл мемлекет қашықтан жұмыс істеп, саяхаттайтын азаматтарға барынша жағдай жасауға тырысқан.Осылайша ел билігі Таиландта жұмыс істемей, шетелде қашықтан жұмыс істейтін мамандарды тартуға ден қойып отыр. Таиландтың цифрлық көшпенділерге арналған визасы Long-Term Resident Visa (LTR) деп аталады. Бұл бағдарлама цифрлық мамандар мен жоғары білікті жұмысшыларға, сондай-ақ олардың отбасыларына Таиландта ұзақ уақытқа қалуға мүмкіндік береді. Виза шетелдік инвесторлар, зейнеткерлер және қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлер үшін де қолайлы. Өтініш берушілер ай сайынғы табысын растауы керек. Сонымен қатар цифрлық көшпенділерге арналған визаға өтініш беру үшін үміткердің кем дегенде 5 жылдық жұмыс тәжірибесі және магистр дәрежесі немесе жоғары кәсіби білімінің болуы талап етіледі.