АҚШ-тағы президенттік сайлауға санаулы сағаттар қалды. LIVE
АҚШ-тағы президент сайлауына санаулы сағат қалды. Алпауыт елдің 47-ші президенті кім болады? Демократ Камала Харрис пе, әлде республикашыл Дональд Трамп па? Елдегі әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі қандай?
Талғат Алманов, тілші:
- Бүгін сайлауалды науқанның соңғы күні және Дональд Трамп пен Камала Харрис бұл күнді барынша тиімді пайдалануға тырысты. Жалпы АҚШ-та өзге елдегідей сайлауға бір күн қалғанда үгіт-насихат жұмыстары тоқтамайды. Сол себепті Харрис пен Трамп бүгін құбылмалы штаттарға барып, соңғы сайлауалды науқынның соңғы сағаттарына дейін сайлаушыларды өзіне қаратуға тырысты.
Камала Харрис, АҚШ президенттігіне үміткер:
- Бұл іске нүкте қоятын уақыт келді. Бар жоғы 1 күн қалды. Ендеше отбасымызға, достарымызға, сыныптастарымызға, көршілерімізге және әріптестерімізге хабарласып, оларды дауыс беруге шақырайық. Біз бірігуіміз керек және жақсы қоғам құруға ұмтылуымыз қажет.
Дональд Трамп, АҚШ президенттігіне үміткер:
- Соңғы төрт жылда америкалықтардың көрмегені жоқ. Камала Харристің кесірінен қымбатшылық орын алып, экономикамыз тұралап қалды. Өзге елдерде соғыстың тоқтайтын түрі жоқ. Менің сіздерге айтарым, біз бұлай өмір сүруге мәжбүр емеспіз және сүрмейміз де.
Жалпы АҚШ-тағы сайлаудың тағдырын құбылмалы штаттар анықтайды. Биыл олардың саны жетеу: Аризона, Невада, Солтүстік Каролина, Мичиган, Джорджия, Висконсин, және Пенсильвания. Әсіресе соңғысының маңызы ерекше. Трамп пен Харристің бүгінгі күнді сол штатқа арнауы да тегін емес. Пенсильванияда құбылмалы штаттардың ішіндегі ең көп электоралды дауысы бар, яғни 19. Сайыс басталғалы Харрис бұл штатқа 18 рет келіпті. Осыдан-ақ бұл штаттың қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Сарапшылардың айтуынша, Пенсильванияны жеңген кандидат 47-ші президент атануы әбден мүмкін.
Бүгінге дейін 80 миллионға жуық адам дауыс берді және олардың дені – әйелдер. Ал дауыс беруге құқығы бар халықтың саны 244 миллионнан асады. NPR және PBS News сауалнамаларына сүйенсек, Трамп пен Харрис құбылмалы штаттардың барлығында бірнеше процент айырмашылықпен келе жатыр. Демек фаворитті дөп басып айту қиындау. Президенттік сайлаудан бөлек, ертең таңғы сағат 6-дан бастап америкалықтар Конгресті, яғни өкілдер палатасы мен сенатты кім басқаратынын таңдайды.