АҚШ-тағы сайлауда Пенсильвания халқының таңдауы шешуші рөлге ие

АҚШ-та Нью-Йорктің жергілікті уақыты бойынша таңғы сағат 6-да сайлау учаскелері ашылады. Олар кешкі 9-ға дейін жұмыс істейді. Бүгінге дейін президенттікке қос кандидаттың сайлауалды штабтары қарқынды жұмыс істеп, тұрғындармен кездесулерін аяқтады.

Бұл – Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласы. Жергілікті халық бұған дейінгі сайлау қорытындысына көңілі толмай, талай мәрте нәтижеге қарсы шыққан. Тұтас Америка 2016 жылы, одан кейін 2020 жылы осындай оқиғаның куәсі болды. Биыл да дода нәтижесі Пенсильвания сайлаушыларының қалай дауыс беретініне байланысты. Өйткені бұл штат – таңдаушылардың дауысы маңызды саналатын ауытқымалы жеті штаттың ең негізгісі. Сол себепті қос үміткердің де назары осы штатта. Ал филадельфиялықтар болса: «Кімге дауыс беру емес, елге жайлы азаматты таңдау маңызды», – дейді.  

Сауалнама:

- Трамп үлкен айырмашылықпен жеңіске жетеді. Иә, дәл осы Пенсильванияда біздің дауысымыз шешуші рөлге ие. Ал менің дауысым Трамп үшін. Неге олай дейсіз бе? Өйткені ол – президенттікке лайықты жан. Ұлы тұлғамызды елімізге қайтарайық.

- Біз қазір дауыс беру бұрынғыдан да маңызды саналатын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Содан кейін не болса да, нәтижені қабылдауға дайын болуымыз қажет.

- Ол шын мәнінде үлкен маңызға ие экономикалық саясатты ұстанады. Ондаған жылдар бойы прокурор болып қызмет атқарды. Сондықтан ол қазіргі кезеңдегі әртүрлі мәселелермен қалай күресу керектігін, әсіресе Трамптың адамдары кеткеннен кейін қалай қадам басу керегін жақсы біледі. Мен оған сенемін.

Су Кеттел 49 жылдан бері Филадельфияда тұрады. Жеке мектептер мен білім беру орындарында оқытушы болып қызмет атқарған ол оқу-білім қолжетімді болуы керек деген пікірде. «Ал бұл істі демократтар партиясынан үміткер Харрис қана нәтижелі атқара алады», – дейді ол.

Су Кеттелл, Филадельфия қаласының тұрғыны:

- Менің ойымша, халықтың көбі ашық түрде айтпаса да, Харриске дауыс беруге әзір. Дауыс берудің құпия түрде жүзеге асатынын және сіздің кімді таңдайтыныңызды ешкім білмейтінін республикашыларға, әсіресе әйелдерге, тағы да қайталап айтқым келеді. Трамп пен оның қолдаушылары тарапынан әйелдердің құқына қауіп төніп тұр. Бұл – демократияны сақтап қалғысы келетіндер үшін үлкен уайым. Бұл пікірге қарама-қайшы шешім қабылдамас үшін дұрыс әрекет етуіміз керек.

Кей елдерде сайлауалды үнсіздік күні болатын болса, АҚШ-та мұндай күн ресми бекітілмеген. Үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары сайлау күні де жалғаса береді. Ал олардың жақтастары сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, тұрғындармен кездесуін тоқтатпайды.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Азиза Макулбаева.