Трамп сайлауда 267 дауыспен алға суырылып шықты
«Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің мәліметіне сәйкес, АҚШ-тағы Президенттік додада әзірге 267 дауыспен Трамп алда келеді.
Ал Харристі 224 таңдаушы қолдап отыр. АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Төрағасы, республикашыл Майк Джонсонның алдын ала дерегі бойынша АҚШ-тың жаңа 47-Президенті Дональд Трамп. Сонымен әлем көз тіккен дүбірлі дода қалай өтті?
Джорджия – дауыс беру қорытындысын алғашқылардың бірі болып жариялайтын негізгі штат. Мұнда 4 млн-нан астам сайлаушы мерзімінен бұрын дауыс берген. Ал бүгін жарылыс қаупі бар деген ақпар тарап, сайлау учаскелері уақытша жабылды. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге бұл штатта Дональд Трамп шамамен 2 пайыздық көрсеткішпен алда келеді. Трамп озық тұрғанымен, әлі де жеңімпаздың кім екенін айту ерте. Нәтиже әр сәт сайын өзгеріп отыр.
Эшли Кирзингер, бақылаушы:
«Харрис сайлаушыларының шамамен үштен екісі өз кандидатына дауыс берген. Үштен бірі бұрынғы президент Трампты таңдаған. Ал Трампты жақтаушыларының 80 %-ы дауыс берді».
Дауыс саны шешуші саналатын 7 ауытқымалы штаттың алтауында сайлау уческелері жұмысын тоқтатты. Харрис Нью-Джерси мен Нью-Йорк, Калифорнияда таңдаушылардың қолдауына ие. Ал Трампқа Солтүстік және Оңтүстік Дакота, Луизиана, Техас, Вайоминг және Небраска штаттары басым дауыс берген. Жеңіске жету үшін 538 дауыстың 270 -іне ие болу қажет. Бұл ретте учаскеге дауыс беруге келген Трамп өзінің жақтаушыларына толық сенімді. Және жеңіс күні жақын дейді ол.
Дональд Трамп, президенттіктен үміткер:
- Егер мен додада жеңіліп қалсам, егер сайлау әділ өтсе, мұны бірінші болып мойындаймын. Меніңше, әзірге бәрі ашық әрі әділ өтіп жатыр. Және өзімді сондай сенімді сезінемін. Білесіз бе, біз бүгін сайлауға үлкен дайындықпен шықтық. Республикашылар өздерін бар қырынан көрсетті.
КСМ: Қазір Американың барлық сайлау учаскелерінде қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауда. Шатырларда дабыл түймелері орнатылған. Дронның көмегімен аумақтар сәт сайын тексеріліп тұр. Соған қарамастан Мэриленд пен Айова штатындағы сайлаушылар дауыс беру машиналарында ақау барына шағымданды. Осыған ұқсас жағдай Пенсильвания мен Висконсиндегі учаскелерде де орын алды. Техникалық ақауға байланысты МилуОки қаласында сырттай дауыс беруге арналған 40 мыңнан астам бюллетень қайта саналады. Ал дауыс беру тұтас аймақта аяқталғаннан кейін жеңімпаздың кім екені белгілі болады. Бірақ таңдаушылар саны тең түссе, онда пошта арқылы дауыс берген бюллетендер саналады. Бұл процесс бірнеше аптаға созылуы мүмкін.
Әсия Нұрлыбаева