АҚШ-та президенттік сайлау қалай өтті?
АҚШ-тағы президенттік сайлауда республикашылар партиясының өкілі Доналд Трампты таңдаушылардың 277-сі қолдаған. Ал Камала Харриске 224-і дауыс берген. Осылайша, Трамп қарсыласын басып озды. Бүкіл әлем көз тіккен саяси дода қалай өтті?
Джорджия – дауыс беру қорытындысын алғашқылардың бірі болып жариялайтын негізгі штат. Мұнда 4 млн-нан астам сайлаушы мерзімінен бұрын дауыс берген. Ал бүгін жарылыс қаупі бар деген ақпар тарап, сайлау учаскелері уақытша жабылды. Осыдан кейін тексеру жұмыстары қолға алынды.
Эшли Кирзингер, бақылаушы:
- Харрис сайлаушыларының шамамен үштен екісі өз кандидатына дауыс берген. Үштен бірі бұрынғы президент Трампты таңдаған. Ал Трампты жақтаушыларының 80%-і дауыс берді.
Басты саяси тартыс негізінен дауыс саны шешуші саналатын 7 ауытқымалы штатта жүрді. Харрис Нью-Джерси мен Нью-Йорк, Калифорнияда таңдаушылардың қолдауына ие. Ал Трампқа Солтүстік және Оңтүстік Дакота, Луизиана, Техас, Вайоминг және Небраска штаттары басым дауыс берген. Жеңіске жету үшін 538 дауыстың 270-іне ие болу қажет. Бұл ретте учаскеге дауыс беруге келген Трамп өзінің жақтаушыларына толық сенімді екенін білдірді.
Дональд Трамп, президенттікке үміткер:
- Егер мен додада жеңіліп қалсам, егер сайлау әділ өтсе, мұны бірінші болып мойындаймын. Меніңше, әзірге бәрі ашық әрі әділ өтіп жатыр және өзімді сондай сенімді сезінемін. Білесіз бе, біз бүгін сайлауға үлкен дайындықпен шықтық. Республикашылар өздерін бар қырынан көрсетті.
Саяси дода кезінде Американың барлық сайлау учаскелерінде қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынды. Шатырларда дабыл түймелері орнатылды. Дронның көмегімен аумақтар сәт сайын тексеріліп тұрды. Соған қарамастан Мэриленд пен Айова штатындағы сайлаушылар дауыс беру машиналарында ақау барына шағымданды. Осыған ұқсас жағдай Пенсильвания мен Висконсиндегі учаскелерде де тіркелді.