Трамп қандай өзгерістер әкелуі мүмкін? LIVE

АҚШ-тағы президент сайлауы мәресіне жетіп, Дональд Трамп электоралды дауыс қорытындысы бойынша жеңіске жетті, деп хабарлайды 24kz.

Саяси тартыстың шешуші бөлімі құбылмалы 7 штатта өтті. Бұлардың барлығында Трамп алға шықты. Осылайша, республикалық кандидат АҚШ-тың келесі президенті атанды.

Талғат Алманов, тілші:

- Дональд Трамп АҚШ-тың 47-ші президенттігіне қол жеткізу арқылы өз атын тарихта қалдырғаны сөзсіз. Оған бір емес, бірнеше себеп бар. Трамп екі рет импичмент дауына қалған, қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылған, АҚШ тарихында екі рет әйел опонентті жеңген, президент ретінде сайланған ең егде жастағы президент ретінде есте қалмақ. Өміріне екі рет қастандық жасалғанын да айтпай кетуге болмайды. Осының барлығына қарамастан, Трамп халықтың дауысы мен электоралды дауыстардың қорытындысы бойынша жеңіске жетті.

Трамптың жақтастары «Ақ үйдегі алғашқы күнінен бастап иммиграция мәселесін реттеу, жұмыс орындарын ашу, нарықты жақсарту, Таяу Шығыстағы соғысты тоқтату сияқты мәселелермен айналысса», дейді. Сонымен қатар АҚШ-тың одақтастарын америкалықтардың салығынан түсетін ақшамен қаржыландыруды тоқтату керектігін айтып жатыр. Жалпы Трамптың келуімен АҚШ-тың энергетика және климат саясатында өзгерістердің болары сөзсіз. Бұдан бөлек, сайлау науқаны барысында Трамп салық саясаты реттеуде дәстүрлі консервативтік тәсілдерді қолданып, АҚШ-тың сыртқы саясатындағы жаңа рөлін айқындау керектігін айтты.

Жалпы Харристің жеңілуіне бірнеше фактор әсер еткен көрінеді. Сарапшылардың айтуынша, инфляция мен экономиканың мүшкіл жағдайы және басқарушы партияның Таяу Шығыстағы соғысқа қатысты ұстанымы қажетті дауыстарды жинауға кедергі келтірді. Дегенмен, Харрис бүгін Трампқа хабарласып, оны жеңісімен құттықтады. Ол амеркиалықтар белгілі бір президентке немесе партияға емес, ең алдымен Конституцияға адалдық таныту керектігін айтты. Және бұл пікірмен келіспеуге болмайды. Естеріңізге салайық, Трамптың инаугурациясы 2025 жылдың 20 қаңтарында өтеді.