Трамптың жеңісінен кейін биткоин бағасы тарихи рекорд орнатты

АҚШ-тағы сайлау күні акциялар, биткоин бағасы көтерілді. Сайлау биржа индекстеріне оң әсер етті, деп хабарлайды 24kz.

Әлемдегі ең танымал криптовалюта бағамы биткоинның да бәсі жоғарылады. Тіпті 74 мың долларға бағаланып, тарихи рекорд орнатты. Сөйтіп, электрон ақша 1 күнде 9%-ке қымбаттады. Оған не себеп?

Бұл – Трамптың әрекеттеріне тікелей байланысты. Биыл АҚШ-тағы сайлауда алғаш рет криптовалюта үлкен рөлге ие болды. «АҚШ-ты криптоастанаға айналдырамын», деп уәде берген Трамп көптеген инвесторлардан қолдау тауып, ақыры жеңіске жетті. Бұлай деуге негіз бар. Өйткені 2021 жылы Fox News-ке берген сұхбатында Трамп биткоинды «нағыз алаяқтық» деп атаған болатын. Ол виртуалды валютаны АҚШ-тың қаржы жүйесіне араласпау үшін реттеу керек және «әлемдік валюта доллар болуы керек», деді. Ал, биылғы сайлау науқаны жақындаған кезде Трамптың криптовалютаға қатысты ұстанымы өзгерді. Илон Маск сынды ықпалды кәсіпкерлердің де қолдауы содан. Мәселен, электромобиль өндіруші Тесланың акциялары 8%-ке күрт өсіп, 258,70 долларға жетті.  

Патрик Герхарт, Telcoin цифрлық операциялар банкі президенті:

- Жыл сайын цифрлық активтерді қолданатын адам саны артып келеді. Кез келген саясаткер үшін сайлаушылардың қажеттіліктерін түсіну және оны қалт жібермеу өте маңызды. 

Gemini крипто биржасының зерттеуіне сәйкес, 73% саяси кандидаттың криптовалюта саласына қатысты ұстанымы олардың дауыс жинауына тікелей әсер етеді. Мәселен, бір штаттағы дауыс беруші америкалықтардың 21%-і криптовалюта үшін Трампты қолдайтын болса, әр штаттан 18-ден 50 млн дауыс берушінің дауысы Трампқа тиесілі деген сөз. Криптосайлаушылардың жағдайды өзгерту мүмкіндігі әсіресе құбылмалы Штаттарда байқалады. Мәселен, Аризона мен Джорджия штаттарын алайық. Екеуінде де, Трамптың асығы алшысынан түсті.

Ал, сайлау кезінде әлемдік мұнай бағасы 2 пайызға төмендеді.

Brent маркалы мұнай бағасы 1,5%-ке, 1,17 долларға төмендеп, баррелі 76,80 доллардан, 74,36 долларға дейін жетті. Ал, америкалық West Texas Intermediate (WTI) мұнайы 1,11 долларға арзандап, барреліне 70,88 долларға бағаланды. Бұл да Трамптың саясатымен байланысты. Себебі, мұнайға қатысты Трамптың кесімді пікірі бар. Оны күшті мұнай лоббиі қолдап отыр. Трамптың «жасыл» энергетикаға қарсы мәлімдемелер жасап жүргені содан. Байден мен Харристің «жасыл» энергетиканы АҚШ-қа енгізу бастамаларын да сынаған болатын. Егер Дональд Трамп билікке келсе, АҚШ-та мұнай-газ өндіруге енгізілген шектеуді алып тастауы мүмкін. Кейінгі жылдары АҚШ табиғи сұйытылған газды экспорттауды жоспарлады. Жаңа терминалдар салып, әлемдік нарыққа шығаруды көздеді. Бірақ билік бұған тыйым салып, «жасыл» энергетика туралы бастама көтерген еді. АҚШ – әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші ел. Трамп өндіріске қойылған шектеуді алып тастауы мүмкін. Бұл, біріншіден, АҚШ-тың мұнай өндірісінің дамуына үлес қосады. Екіншіден, мұнай нарығын тұрақтандырып, бағаның төмендеуіне әкеледі. Ал, мұнай бағасы төмендесе, доллар қымбаттайды.

Кейт Дуриан, Вашингтондағы «Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері институтының» ғылыми қызметкері:

- Дональд Трамп сайлауда жеңіске жетсе, жаңартылатын энергия инвестиция азаюы мүмкін. Бұл өз кезегінде АҚШ-та мұнай мен табиғи газды пайдаланудың артуына әкеледі. Сайлаудан кейінгі АҚШ-тың экономикалық өсуіндегі ықтимал өзгерістер шикі мұнайдың әлемдегі ең ірі тұтынушысы ретінде елдегі сұранысқа сондай-ақ әлемдік мұнай бағасына әсер етеді.

Дегенмен, мұнай бағасы құбылып тұр. Оның динамикасын нарықтағы геосаяси тұрақсыздық ұсыныс пен сұраныс теңгерімі сияқты басты факторлар айқындайтын болады.