Калифорнияда алапат өрттен 10 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды

АҚШ-тағы Калифорния штатының оңтүстігінде алапат өрт.

10 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жаққа көшірілді. Тілсіз жау қазірдің өзінде ондаған үй мен 4200 гектар жасыл желекті жалмап үлгерген. Әзірге 140 өрт сөндіруші мен тікұшақтар тартылды. Бірақ күшті жел мен көк түтін отты сөндіруге кедергі жасап жатыр. АҚШ-тың Ұлттық күн райы қызметі өрт қаупі арта беретінін ескертті.

 

Кубада «Рафаэль» дауылы ойран салып жатыр

Жылдың осы мезгілінде әлемнің бірқатар елінде табиғат тосын мінез танытып жатыр. Кубада «Рафаэль» дауылы ойран салды, деп хабарлайды 24kz.

Оның күштілігі 3-санатқа жеткен. Синоптиктер: «Бостандық аралының батыс аймағында тасқын болуы мүмкін», деп ескертті. Сол сияқты АҚШ-тың батысында өрт шығып, орталығында қызыл су басып жатыр. Индонезиядағы жанартаудың қатері әлі сейілген жоқ.

Ернат Рахметолла, тілші:

- Куба астанасы Гаванада тас қараңғы. Дүлеу дауыл ағаштарды опырып, электр бағандарын құлатты. Салдарынан бүкіл арал-мемлекет жарықсыз қалған. Кейінгі 1 ай мерзімде электр тоғы екінші рет сөніп қалды. Қазанда «Оскар» дауылы ойран салып, елдегі басты жылу электр стансасы істен шыққан еді. Бұл жолы да мектептер жабылып, қоғамдық көлік тоқтады. Билік Гавана мен Варадеро әуежайларындағы рейстерді кейінге шегерген.

 

АҚШ-тың орталық аймағын су басып жатыр

АҚШ-тың орталығындағы Миссури штатында жауын-шашын соңы алапат тасқынға ұласты. Пюласки округінде өзен тасыған. Үйлер мен жолдарды шайып, көліктер жүзіп жүр. Метеологтар аймақта тағы жаңбыр жауады деп ескертіп, сапарға шыққанда абай болуға шақырды.

 

Индонезияда жанартау қаупі сейілмей тұр

Индонезияда «Левотоби Лаки Лаки» жанартауы атқылап жатыр. От-жалынның биіктігі 2,5 метрге жетті. Салдарынан 10 адам көз жұмып, 10 мыңға жуық тұрғын зардап шеккен. Іздеу-құтқару жұмысы жүріп жатыр. Ғалымдар тіпті жер сілкінісі болуы мүмкін деп сақтандырды.

Авторы: Ернат Рахметолла