АҚШ-та Трамптың президент болуына қарсы шеру өтті
Әлемнің бірқатар елінде наразылық акциясы уйымдастырылды.
Кейбірінде шеру соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Ашуға булыққан жұрт полицейлермен қақтығысып жатыр. Әріптесім солардың бірсыпырасына шолу жасаған екен.
АҚШ-тың Чикаго қаласында президенттік сайлау нәтижесімен келіспейтін бір топ азамат наразылық акциясын ұйымдастырды. Қолдарына плакат ұстап шыққан 200-ге жуық адам Дональд Трамптың қайта сайлануына өз қарсылығын білдірді. Trump International ғимараты алдына жиналған шерушілер «Дональд Трамп құрысын» деп ұрандатты. Естеріңізге сала кетейін, 78 жастағы кәсіпкер жуырда өткен саяси додада айқын жеңіске жеткен еді. Оның басты қарсыласы Камала Харрис те мұны мойындаған болатын.
Түркияда шерушілер полициямен қақтығысты
Түркияда да бірнеше күннен бері шеру өтіп жатыр. Оған елдің оңтүстік-шығысындағы үш қаланың күрд мэрлерінің қызметінен кетуі себеп болды. Ашуға булыққан жұрт енді тәртіп сақшыларымен қақтығысқа көшкен. Полицейлерге қарсы тас лақтырып, от жаққан. Осыған байланысты құқық қорғау органдары наразы халықты тарату мақсатында су атқыштар қолданды. Әзірге бұл қақтығыстан қанша адамның зардап шеккені белгісіз. Келтірілген шығын көлемі туралы да ақпар жоқ.
Шеру соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты
Мозамбик
Мозамбикте де осыған ұқсас жағдай. Президенттік сайлау нәтижесіне қарсы шыққан жұрт полициямен қақтығысып жатыр. Себебі сайлау қорытындысы бұрмаланды, дейді шерушілер. Осыған байланысты жүздеген адам бас көтеріп, әділдікті талап етуде. Бірақ бейбіт басталған наразылық акциясы көп ұзамай жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіп сақшылары бас көтерген халықты тарату үшін қазір көз жасаурататын газ бен қару қолданып жатыр. Соның салдарынан 18 адам қаза тапқан. Ондаған азамат жарақат алған.
Боливияда наразылық басылар емес
Боливияда бірнеше аптадан бері жалғасып келе жатқан наразылық толқынын басуға 2 мыңдай әскери тартылды. Олар бұрынғы президент Эво Моралестің жақтастары жауып тастаған жолдарды қайта ашып, шеруді тоқтату үшін жұмылдырылған. Айта кетейін, наразылық акциялары бүкіл ел бойынша өтіп жатыр. Оның ушыққаны сонша Паротани қаласының тұрғындары тәртіп сақшыларына жарылғыштар лақтырған. Соның кесірінен өткен аптада 30 полицей жарақат алды. Тағы бір өңірде шерушілер полиция бөлімшелері мен әскери казармаларға қауіп төндіре бастаған. Айта кетейін, Боливияда тәртіпсіздік 3 апта бұрын басталды. Оған бұрынғы президент Эво Моралестің қамауға алынуы себеп болды. Билік өкілдерінің айтуынша, Моралес 15 жастағы балаға зорлық-зомбылық жасаған.