Әлемде әйел баласының 47 пайызы жұмыс істейді
Бұл дүниежүзілік экономикалық форумның биылғы есебі.
Зерттеу 146 елдегі гендерлік теңдіктің жағдайын егжей-тегжейлі талдайды.
Ал ерлердің 72 пайызы жұмыс істейді екен. Ер адамдардың үлесі басы басым, бірақ мәселенің еккінші қыры бар.
Еңбек нарығында әйелдер аз
Заң бойынша ер мен әйелдің құқы тең. Дегенмен, еңбек нарығында әйелдер үлесі ерлерге қарағанда аз. 2018 жылы әлемде 2 млрд ер адам, 1,3 млрд әйел жұмыс істеген. Халықаралық еңбек ұйымының дерегіне сүйенсек, әйелдер жұмыс істеп, табыс тапқысы келеді. Бірақ оған көбіне үй шаруасы мұрша бермейді. Әйел заты ыдыс-аяқ, кір жуу, үй жинау, бала күтімі, одан қалды ерінің жағдайын жасаймын деп күн ұзаққа қолы босамайды.Сонда олар ерлерге қарағанда орта есеппен кемі 2 жарым сағат көп еңбек етеді. Әлемде мұндай күтімге қатысты ақысыз-пұлсыз еңбекке күніге 16,4 млрд сағат жұмсалады. Бұл дегеніміз күн сайын 2 млрд адам 8 сағат тегін жұмыс істейді дегенге келеді. Әлеуметтік нормалар да әлі күнге әйелдерге «күтуші», ерлерге - «табыскер» ретінде қарайды.
«Төрт күндік жұмыс аптасы балалары бар әйел қызметкерлерге олармен толық күн өткізуге мүмкіндік береді. Әрі, қаржылық жағдайы жақсарып, кәсіби өсу мен даму мүмкіндігі артады. Әлеуметтік қауіпсіздік, берік неке, денінің саулығы, өмірге қанағаттану сияқты жақсы әрекеттер қалыптасады. Қызмет пен отбасы балансы деген осы».
Миранда Вулперт, халықаралық Wellcome Trust қайырымдылық қорының психикалық денсаулық жөніндегі сұрақтар бойынша маманы
Нидерландта әйелдер аптасына 25 сағат жұмыс істейді
Қазір әлем бойынша ең аз, 4 күндік жұмыс аптасы Нидерландта. Әйелдер аптасына – 25, ерлер – аптасына 34 сағат жұмыс істейді. Әрі толық емес жұмыс күнін алуға әр қызметкер құқылы. Мәселен, әйелдердің 74 пайыздан астамы толық емес кестемен жұмыс істейді. Одан жалақы мөлшері кемімейді. Өйткені жұмыс берушілердің көбі әйелдердің мойнындағы бала тәрбиесі мен отбасы қамын ескереді. Жалпы елде жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мән берілген.
Оңтүстік кореяда әйелдердің жалақысы төмен
Ал Оңтүстік Кореяда әйелдер тұрмысқа шығып, өмірге перзент әкелгеннен кейін мансабын жалғастыруда қиындықтарға кезігеді. Тіпті бұл елде қызметінен үзіліс алған әйелдерге арналған сөз бар, gyeong-dan-neyo, бұл «мансабынан қол үзген әйелдер» дегенді білдіреді. Пандемиядан кейін олардың саны күрт өсті. 2021, 2022 жылдары жұмыстан шыққан әйелдердің 65,6 пайызы 30 жастан асқан. Олардың мектепке дейінгі немесе бастауыш мектеп жасындағы балалары бар. Бұл әйелдердің көпшілігі жұмыстан кетті, өйткені олар онлайн режимде үйде отырған балаларына қамқорлық жасайтын ешкімді таба алмады. Сонымен қатар, бұл еңбек өнімділігін төмендетіп, өмір сүру құны өскен сайын үй шаруашылығындағы қысымды арттырды. Әрі Кореяда 1996 жылдан бері ең жоғары гендерлік жалақы алшақтығы бар. Әйелдер еркектерге қарағанда 31,1%-ға аз жалақы алады.
«Еңбек нарығындағы гендерлік теңсіздіктің басты салдарының бірі – әйелдердің әлеуетті табысының төмендеуі. Бұл бірден бірнеше жағымсыз макроэкономикалық әсерлерді тудырады: үй шаруашылықтарының шығындары мен жинақтарын, сондай-ақ олардың жаңа ұрпақтың білімі мен денсаулығына салған инвестицияларын азайтады».
Штефан Клазен, Геттинген университетінің профессоры
Сарапшылар: Әйелдер мансаптық сатыда тез көтеріледі
Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары ауыр жағдайда және біліктілігі төмен жұмыстарды атқаратындар арасында әйелдердің ерлерден әлдеқайда басым екенін айтады. Әлем бойынша басшылық орындарда әйелдердің 27% отыр. Кейінгі отыз жылда бұл көрсеткіш өзгерген жоқ. Алайда, әйелдер ерлерге қарағанда мансаптық сатыда тез көтеріледі. Көшбасшы әйелдердің жасы лауазымды ер адамдардан шамамен бір жылға төмен. Сондай-ақ, әйел менеджерлер арасында ер басшыларға қарағанда, магистранттар, кандидаттар немесе докторанттар көп. Бұл ретте ұйым өкілдері әлем елдерінің үкіметтерін жұмыс істейтін әйелдерді қолдайтын саясатты жүргізуге шақырады. Атап айтқанда, қажетті инфрақұрылымды жасау және әйелдердің декреттік демалыстан кейін лайықты жұмысқа тезірек оралуына ықпал етуді ұсынады.