Испанияда үй жануарлары арасында инфекция тарап жатыр
Әлемнің бірқатар елінде табиғи апат салдарынан халық қатты зардап шегіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Испанияның Каталония қаласында тоқтаусыз жаңбырдан тұрғындар шығынға батса, Валенсия алапат тасқыннан кейін біртіндеп қалпына келіп жатыр. Ал, Филиппинде бұрын-соңды болмаған жойқын дауыл, аймақты тас-талқан еткен. АҚШ-та да жағдай мәз емес.
Испанияның Валенсия қаласында алапат тасқыннан кейін еріктілер бүлінген аймақтарды тазалап, апат салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған мұғалімдер мен оқушылар да жұмылдырылған. Әсіресе, тасқын су қатты шайып кеткен Пайпорта мен Катарроха шағын шаһарларында лай-батпақтан жағдай күрделі болып тұр. Соның кесірінен аймақта үй жануарлары арасында лептоспироз бактериясы таралып жатыр. Қазір ветеринар еріктілер инфекция жұқтырған ит-мысықты жедел жәрдем стансасында емдеуге кіріскен. Айта кетейік, өткен аптада тіркелген жойқын тасқыннан 219 адам қаза тауып, 93 кісі із-түзсіз кетті.
Каталонияда тасқыннан кейін көлік апаты көбейді
Испанияның Каталония аймағына да жаңбыр тоқтаусыз жауып, Кадакес қаласын су басып жатыр. Шаһарда көшелерде аяқ алып жүру мүмкін емес. Ал таулы аудандарда лай көшкіндері көлік қозғалысына кедергі келтіріп тұр. Кей жерлерде тасқын ағызған көліктер көпірге барып соғылып, жолдар жабылып қалған. Апат салдарынан инфрақұрылымға едәуір зақым келген. Зардап шеккендер туралы әзірге мәлімет жоқ.
Филиппинде дауылдан 160 мың тұрғын эвакуацияланды
Филиппиннің шығысында соққан «Иньсин» дауылынан 160 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы жергілікті азаматтық қорғаныс қызметі хабарлады. Зардап шеккен аймақтарға азық-түлік пен тұрмысқа аса қажетті жабдықтар жеткізілуде. Метерологтардың мәліметіне қарағанда, қатты дауылдың жылдамдамдығы сағатына 177, кей жерлерде 289 шақырымға дейін жеткен. Инфрақұрылым мен ауылшаруашылық секторы қатты зардап шеккен. Кейінгі 2 аптада Филиппинде бірнеше дауыл соғып, 150-ден аса адам өлім құшты. Жүздеген мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Жергілікті билік табиғи апаттан келген шығынды 241 млн долларға бағалап отыр.
Джорджия штатының оңтүстік-шығысын су басты
АҚШ-тың Джорджия штатының оңтүстік-шығыс бөлігінде де жаңбыр шелектеп жауып, соңы тасқынға ұласты. Буллок пен Скревен округі су астында қалды. Өңірде ондаған автомагистраль уақытша жабылған. Билік көлік жүргізушілері мен тұрғындарға аса қажет болмаса тысқа шықпауға шақырды. Ұлттық ауа райы қызметінің мәліметінше, бір тәулікте шамамен 25 сантиметрге дейін жауын түскен. Синоптиктер тұрғындарды қолайсыз ауа райы тағы бірнеше күн жалғасады деп ескертуде.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева, 24КЗ.