Әзербайжанда лимон жинау науқаны басталды
Тропикалық жеміс көбіне елдің оңтүстік өңірлерінде өседі.
Лимон цитрон мен ащы апельсин буданынан шыққан деседі. Жеміс бірінің хош иісі мен екіншісінің қышқыл дәмін алған. Бүгінде ол денсаулыққа пайдалы қасиеттерімен де көпке белгілі. Осыны ескерген Али Горхмаз 7 жыл бұрын досымен бірлесіп, 25 гектар алқапқа лимонның түрік сортын отырғызған.
Әли Горхмаз, шаруа:
- Кезінде тәуекелге бел буып, көшеттерді отырғызған едік. Енді міне, көріп отырғандарыңыздай, бақ гүлденіп тұр. Досыммен бірге жұмыс істеу – бір ғанибет. Өз басым өсімдіктерге күтім жасап, жеміс өсіруді жақсы көремін. Мұнда өсімдіктер аз ауырады. Бізге қиындық тудыратыны бұл емес, қар.
Шаруалардың лимонның дәл осы түрін таңдауының да себебі осында. Түрік сортының қышқылы аз, шырыны көп болады. Сондай-ақ, оның қабығы жұқа және жергілікті климатқа жақсы бейімделеді екен.
Назанин Әлиева, жеміс жинаушы:
- Бұл сорт ерте піседі. Оны жинау жұмыстарын суық түскенше аяқтаймыз. Қарашаның соңына қарай барлық өнім жиналып бітеді. Мына жасыл лимондар әлі піспеген. Сары түстілері жинауға дайын. Жалпы, бір ағаштан біз 60 келі лимон аламыз.
Биыл өнім былтырғыдан аз. Оның себебі тұрақсыз ауа райында дейді шаруалар.
Әли Горхмаз, шаруа:
- Лимондар жылына екі рет, дәлірек айтқанда, сәуірде және маусымда гүлдейді. Биыл көктем өте суық болды. Сондықтан жеміс шықпады. Ал осы айда 35 тоннадан астам лимон жинауды және плантацияны кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Жиналған лимон кейін сұрыптау орталығына жіберіледі. Онда тек бүтін әрі сапалы жемістер таңдалып алынады. Содан соң жәшіктерге салынып, жергілікті нарықтарға жөнелтіледі.