Ливанда бір тәулікте 43 адам қаза тапты

Израиль шабуыланан Ливанда кейінгі бір тәулікте 43 адам көз жұмды.

"Израиль әскері "Хезболланың" нысандарын атқылау операциясы" деген желеумен елдің солтүстік-батыс бөлігін атқылаған. Соның салдарынан, елдің солтүстігіндегі Хермель-БаАлбек провинциясы қатты зардап шегіп, 23 адам көз жұмды. Марқұмдардың дені - әйелдер мен балалар. Сондай-ақ Сириямен шекаралас Эль-Каср елді мекенінде инфрақұрылым қирап, тұрғындар зардап шекті.

Али Дейбис, тұрғын: 

- Бұл маңда тұрып жатқаныма 1 жылдан асты. Жергілікті тұрғындардың көбі - Бекаа алқабынан көшіп келгендер. Израиль әскері Ливанның түкпір-түкіпірін тінтіп, шабуылын тоқтатар емес. Жағдай міне, көріп тұрғаныңыздай, қиын.

Газа секторында израиль шабуылынан 52 адам көз жұмды

Израиль әскері Газа секторын да атқылауын доғарар емес. Кейінгі шабуыл салдарынан 52 адам көз жұмды. 200-ге тарта адам ауыр жарақат алған. Құрбандардың арасында Нусейрат босқындар лагерінен келген үш азаматтың бар екені анықталды. Олар әуе шабуылы кезінде мерт болған. Сондай-ақ, Джеабалия қаласында 36 бейбіт тұрғын қаза тапты. Оның ішінде 13-і – бала. Жалпы былтыр қақтығыс басталғалы бері Газа секторында қаза тапқандар саны 43 мыңнан асты.