2024 – тарихтағы ең ыстық жыл болғалы тұр

Қыста тоңбаған жақсы. Бірақ оның арты қалай болады?

2024 – адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болғалы тұр. «Ғаламдық орташа температура алғаш рет индустрияға дейінгі деңгейден 1 жарым градусқа артты», - дейді мамандар.

Париж келісіміне қосылған 195 мемлекет, соның ішінде АҚШ, Жапония, Қытай, Канада, Еуроодақ және басқа да ірі державалар климаттың өзгеруіне қарсы әртүрлі шаралар қолданып жатыр. Бірақ нәтиже аз.

Климаттың өзгеруі жер шарының экологиялық жүйесіне кері әсер етіп, табиғаттағы тепе-теңдікке қауіп төндіреді. Температураның жоғарылауы толассыз жауын-шашынға, су тасқындары мен ауқымды орман өрттерінің жиілеуіне себеп болуы мүмкін. Оның айқын дәлелі Испаниядағы алапат су тасқыны. «Copernicus» Климаттық өзгерістер бөлімінің директоры Карло Буонтемпоның айтуынша, адамзаттың табиғатқа ықпалы барған сайын айқын көрініс тауып, климаттың өзгеруі тек ғылыми емес, әлеуметтік және саяси тұрғыдан да өзектілігін арттыра түсуде.

Карло Буонтемпо, Copernicus директоры:
-
Валенсияда осындай күшті су тасқындары тарихта бірнеше рет орын алғанын байқауға болады. Тропиктік циклондар әрдайым болған, бірақ климаттың өзгеруі салдарынан жойқын табиғи апаттардың жиілеп кеткені  туралы дәлелдер бар. Жауын-шашынның қарқындылығы артып, ауқымды су тасқынын тудырады.

Copernicus зерттеулері бойынша, ғаламдық температура соңғы 12 айда индустрияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда 1,62 градусқа жоғарылаған. Бұл қорытынды миллиардтаған метеорологиялық өлшеулерге негізделген. Оларды спутниктер, кемелер, ұшақтар мен метеостанциялардан алынған деректер құрайды. Биылғы  жазда әлемнің әр түрлі бөліктерінде температураның өте жоғары деңгейі тіркеліп, аптап ыстықтың зардабынан Үндістанда 100-ден астам адам қаза тапса, 42 мыңнан астам адамға күн өтіп кеткен.  Қатты ыстық Грекия, Түркия және Кипрде де байқалды. БҰҰ мәліметтері бойынша, жыл сайын әлемде 500 мыңға жуық адам аптап ыстықтан көз жұмады екен.

Карло Буонтемпо, Copernicus директоры:
-
Бұл ғаламдық температуралар рекордының жаңа кезеңін білдіреді және климаттың өзгеруі жөніндегі алдағы конференцияның маңызын арттыруға серпін беруі тиіс. Біздің өркениетіміз қазіргідей ыстық климатқа бұрын-соңды тап болған емес. Климаттық мәселелерді шешудің ең тиімді жолы зиянды шығарындыларды азайту бойынша ғаламдық міндеттемелер қабылдау.

Жаһандық жылыну салдарынан әлемді ластаушы зиянды қалдықтар көбейіп,  жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның сарапшылары 2023 жылы атмосферадағы зиянды заттардың концентрациясы тарихтағы ең жоғары деңгейге жеткенін мәлімдеді. Бұл өз кезегінде көмірқышқыл газының адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен атмосферада жиналуына алып келді.

Авторы: Динара Орынтай