АҚШ-та зағип жандарға арналған онлайн сервис іске қосылды
Көзінің нұры тайған, тіпті көзі су қараңғы көрмейтін адамдар үшін де мүмкіндік бар екен. Бұған әрине, жаңа технологияның қосып жатқан үлесі мол, деп хабарлайды 24kz.
Қазір біраз ел осындай көзі көрмейтін адамдарға арналған қолайлы инфрақұрылымды белсенді дамытып жатыр.
Мәселен, Еуропаның бірқатар мемлекетінде ақпаратты брайль форматында оқу құралдары орнатылған. Ал АҚШ-та біздегідей онлайн қызмет бар.
Америкалық ІТ мамандар зағип жандардың өмір сүруін жақсартатын онлайн-сервис жасап шығарды. Қосымша Aira деп аталады. Оның көмегімен арнайы оқытылған волонтерлер көру қабілеті нашар азаматтардың қалада емін-еркін қатынауына, тұрмыстық мәселелерді шешуіне жәрдемдеседі. Жоба авторлары есту қабілетінен айырылған адамдарға да осыған ұқсас бағдарлама әзірлеген. Яғни, арнайы мамандар видеоқоңырау арқылы қолданушы көрсеткен ым-ишараларды үшінші тарапқа түсіндіріп береді.
ЕО-дағы инклюзивті мектептер зағип балаға қажетті құрылғылармен жабдықталған
Кәрі құрлық елдеріндегі мектептерде көзі нашар көретін балалар үшін арнайы құрылғылар орнатылған. Мәселен, Германия мен Франциядағы білім ордаларында балалар брайль дисплейлері, яғни, зағип адамдарға арналған арнайы электронды пернетақтаны қолданады. Сонымен қатар оқушылар өзіне қажетті ақпарат пен мәтінді басып шығаруы үшін арнайы принтерлерді пайдалана алады. Мектеп қабырғасында мәтінді дыбыстау немесе дауыспен басқару функциясы бар заманауи компьютерлер де қойылған.
Зағип жандардың өмірін жеңілдету үшін жасанды интеллект қолданыла бастады
Әлемнің ең ірі ақпараттық технологиялық компаниялары көзі көрмейтін, құлағы естімейтін азаматтарға көмек ретінде қосымшаларға жасанды интеллект жүйесін енгізе бастады. Мәселен, Microsoft-тың Seeing AI қосымшасы мәтіндерді, құжаттарды, электронды кітаптарды дыбыстап, бейнекамера арқылы әңгімелесушінің эмоцияларын анықтай алады. Apple-дің Door Detection функциясы бөлмелердің кіреберіс-шығу жолдарын көрсетеді. Ал Google-дің Lookout қосымшасы пайдаланушыға айналасындағы кеңістікті сипаттап беруге қабілетті.
Сондай-ақ басқа стартаптар зағип жандардың өмірін жеңілдету мақсатында банкнотаның номиналын және штрих-код арқылы тауардың жарамдылық мерзімін анықтай алатын функцияларды іске қосқан.