Израиль Газа секторында тағы бір бақылау-өткізу бекетін ашты

Израильдің қорғаныс армиясы Газа секторындағы «Кисуфим» бақылау-өткізу пунктінің ашылғанын хабарлады.

Енді осы бекет арқылы елдің орталық және оңтүстік бөлігіндегі босқындарға азық-түлік, дәрі-дәрмектер мен қажетті жабдықтар жеткізіледі. Бекеттен өтетін жүкті еврей әскері тексереді.

Айта кетейік, бүгінге дейін Газа секторында тек екі бақылау-өткізу пункті жұмыс істеді. Оның бірі оңтүстікте орналасқан «Керем-Шалом» болса, екіншісі теріскейдегі «Эрез» бекеті. Израиль билігі түнеугүні аталған пункттер арқылы гуманитарлық көмек артқан 133 көлікті өткізген.