БҰҰ: Газа секторында мал шаруашылығы құрдымға кетті

Газа секторындағы ірі қараның 95%, сондай-ақ қой-ешкінің жартысы қырылды, деп хабарлайды 24kz.

Яғни, аймақта халықты асырап отырған мал шаруашылығы құрдымға кетті. Бұдан бөлек, егіс алқабының 70% жойылған немесе зақымдалған. Бұл туралы Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында осы халықаралық қауымдастыққа қарасты Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы Төтенше жағдайлар және тұрақтылық басқармасының директоры Рейн Паулсен мәлімдеді.

Ол: «Израиль билігі Газа секторының солтүстігіне нағыз керек кезде гуманитарлық көмекті кіргізуге тосқауыл қойып отыр», деп айыптаған. Қазір Газаның теріскейінде 75 мың палестиналық аштықтың аз-ақ алдында тұр.

Рейн Паулсен, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басқарма директоры:

- Газа секторының солтүстігіндегі жағдай өте ауыр. Аштықты тексеру бойынша тәуелсіз комитет өткен жұмадан бері палестиналықтарға аштық қаупі төніп тұрғанын айтып, дабыл қағумен келеді. Газа секторының агро-азық-түлік жүйесі толығымен дерлік күйреген. Адамдар өздері өсірген сиыр, қой, ешкінің сүтін ішіп, азын-аулақ етін жеп, күнін көретін. Енді бұл мүмкіндік те көзден бұл-бұл ұшты. Біз оларды құтқаруымыз керек!