Нью-Дели мен Лахор түтіннен көз ашпай тұр
Үндістан мен Пәкістан тұрғындары көк түтінге тұншығып отыр, деп хабарлайды 24kz.
IQAir швейцариялық ауа сапасын анықтау мониторингтік жүйесінің сарапшылары Нью-Дели мен Лахор қаласын әлем бойынша ауасы қатты ластанған шаһарлар тізіміне енгізді.
Мұнда ауадағы зиянды қалдықтар жылдық орташа нормадан асып кеткен.
Пәкістанның Лахор қаласын көк түтін басқан. IQAir мониторингтік компаниясының дерегіне сәйкес, мұнда ауа сапасын ластайтын қалдықтар ДДСҰ бекіткен жылдық нормадан 60 есе асып кетеді. Бұл көрсеткіш тұрғындардың қан айналымы және тыныс алу жүйесіне зақым келтіреді. Сол себепті билік бұқараны аса сақ болуға шақырды. Шұғыл шара қабылдап, мектептерді уақытша жапты. Ал кеңсе қызметкерлерінің жартысын қашықтан жұмыс істеуге көшірді. Өйткені сапасыз ауа салдарынан науқастардың денсаулығы сыр беріп, ауру-сырқау көрсеткіші артқан.
Мохаммад Салим, Лахор қаласының тұрғыны:
- Балам аулада ойнап жүрген. Сәлден соң үйге кіргені сол еді, тынысы тарылып, басы айналды. Түтіннен уланған болар деп шұғыл ауруханаға жеткіздік. Толық тексеруден соң дәрігер нақты диагноз қойды. Қазір ем алып жатыр. Дертінен айығып кетеді деген үміттеміз.
Ал Үндістан астанасы Нью-Делиде айналаны көк түтін тұмшалағаны алыстан анық байқалады. IQAir жүйесінің мәліметіне сәйкес, бұл шаһар Лахордан кейін ластанған қалалардың тізімінде екінші тұр. «Жағдай ушықпаса, түзелетін түрі жоқ», - дейді тұрғындар.
Нью-Дели қаласының тұрғыны:
- Білесіз бе, қазір қалада тыныс алу қиынға соғып тұр. Өйткені Делиде ластану деңгейі тым жоғары. Тұрғындардың саулығы сыр беріп, ауа сапасына шағымдануда. Көбінде астма, тыныс алу аурулары байқалады.
Пәкістан билігі Лахор тұрғындарына үйде есік-терезені ашпауға, ал тысқа шыққанда бетперде тағып жүруге шақырды.
Үндістан үкіметі болса мәселені басқа жолмен шешуге кіріскен. Көлік иелері мен құрылыс компанияларына айыппұл төлетуді қолға алды. «Өйткені көлік пен құрылыс қалдықтары атмосфераға айтарлықтай зиян келтіреді», - дейді жергілікті қоршаған ортаны бақылау мекемесінің мамандары.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Дана Ермак