Африкада есек терісін сатуға тыйым салынды

Әлемде жыл сайын мыңғырған мал сойылса, оның әр бөлігі еш зая кетпейді.

Ебін тапқандар еті мен терісін кәдімгідей кәдеге жаратып отыр. Етін жесек, терісінен тон киіп жүрміз. Ал сол терінің қатерлі ісік туғызатынын біле ме жұрт? Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі тері қалдықтарын канцероген, яғни обыр туғызатын қауіпті химиялық қоспалар тізіміне қосты. Ал тері өңдеу зауыты жанындағы жер асты сулары сол аймақта қоныстанған адамның өміріне үлкен қауіп төндіреді екен. Тіпті, былғары аяқ киім, сөмке мен теріден жасалған киім-кешекте көбінесе канцерогенді ауыр металл хромының іздері байқалады.

Сиырдың тезегі қоршаған ортаны ластайды

Терінің тіршілік иесіне зиянынан тыс жер шарына төндіретін қаупі де көп. Ол климаттың өзгеруіне, жасыл желектің жойылуы мен биоалуандылықтың жоғалуына әсер етеді. Тері саудасы үшін күтіп бағылатын ірі қара жыл сайын атмосфераға 340 миллион тонна көміртек шығарады. Яғни оның тезегі шіріген кезде қоршаған ортаға улы газ бөлінеді. Бұл ауаға таралатын парниктік газ қалдықтарының бестен бірі. Ал Peta жануарларға этикалық қатынас халықаралық ұйымының дерегіне сәйкес, сиыр терісінен жасалған былғарының айналаға кері әсері көп. Ірі қара терісінің қоршаған ортаға зияны өсімдік терісіне қарағанда 10 есе, синтетикалық және вегетариандық былғарыдан алты есе жоғары.

Бангладеште 90% жұмысшы химиядан уланып  қайтыс болады  

Бангладеш 

Тері өңдеу зауыттарында қолданылатын химиялық қоспадан келер қауіп көп. Мыңдаған тонна улы заттар фабрикада жұмыс істейтін адамның алдымен, саулығына, мұнан соң өміріне айтарлықтай зиян келтіреді. Тіпті, сол маңды мекендейтін тұрғындар да ауруға ұшырауы мүмкін. Әсіресе, балалар тері қалдықтарының зиянын көп шегеді. Оған кей елдердегі кейінгі деректер дәлел.

Нәпақасын ірі қарадан айырып отырған Бангладеш халқының басым бөлігі Даккадағы тері өңдеу зауытында жұмыс істейді. Жергілікті қоршаған ортаны қорғау және адам дамуы ұйымының келтірген дерегіне сәйкес, зауыт маңында тұратын адамдар химиялық ластанудан асқазан-ішек жолдары, дерматологиялық ауруларға жиі шалдығады. Ал фабрикада жұмыс істейтін жұмысшылардың шамамен 90%-ы 50 жасқа жетпей өлім құшады. Оның 25 пайызы 11 жасқа толмаған балалар.  

Кентуккиде тері илеу мамандары лейкозға жиі шалдығады  

АҚШ

Ал АҚШ-тың Кентукки штатындағы тері илеу зауыты маңында тұратын жұрт арасында лейкоз дертіне шалдығу елдегі орташа көрсеткіштен 5 есе артты. Бұл деректі жергілікті ауруларды бақылау және алдын алу орталығы келтіріп отыр. Олардың айтуынша, теріні әрлеуге қолданылатын мышьяк химиялық қоспасы, онымен жұмыс істейтіндер арасында қатерлі ісік қаупін арттыра түскен.

Қара құрлықта есек терісі саудасына тыйым салынды 

Биылдан бастап қара құрлықтағы 54 елде есек терісі саудасына тыйым салынды. Африка басшылары шектеуді Эфиопиядағы Африка одағының саммитінде мақұлдады. Олардың бұл шешімге келуіне елдегі есек популяциясының күрт төмендеуі себеп болған. Есек терісіне сұраныс Қытай тарапынан жоғары. Өйткені бұл ел жануардың терісінен жасартатын препарат жасап, оны косметика өндірісінде қолданып жүр. Бірақ өнімнің пайдасы әлі ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Жер шарындағы 53 миллион есектің үштен екісі Африканы мекендейді.

ЦИТАТА   

Соломон Онянго, Donkey Sanctuary жануарларды қорғау қайырымдылық ұйымының өкілі

Есек саудасы қатігездіктің нақ өзі. 2016-2019 жылдары біздің елде жануардың жартысына жуығы сауда үшін өлтірілді. Бұл шешім есекті қорғауға арналған маңызды шешім. Сондай-ақ оған тәуелді адамдардың өмір сүруіне айтарлықтай әсер етеді.   

Ұлыбритания жануар жүнін сатуды заңмен шектемек 

Ұлыбритания үкіметі жануарлардың терісін импорттауға және сатуға тыйым салу туралы заң жобасын қарап жатыр. Құжат түлкі, ракон иті, күзен, шиншиллалар мен койоттардың терісін саудалауға шектеу қоюды ұсынып отыр. Егер ұсыныс қабылданса, Ұлыбритания әлемдік тері саудасындағы өзге елдермен ынтымақтастығын біржолата тоқтатады. Жануарларды қорғау жөніндегі халықаралық ұйымның дерегіне сәйкес, кейінгі 5 жылда корольдікке өзге елдерден 7 млн жануардың терісі жеткізілген.

ЦИТАТА  

Рут Джонс, парламент депутаты

Зауыттардағы үркіп қалған жануарлардың көзқарасы менің жүрегімді қатты елжіретті. Болмашы нәрсеге бола тіршілік иелеріне не себепті қорлық көрсететінін түсіне алар емеспін. Енді бұл қатігездікке шектеу қоятын уақыт келді. Заң күшіне енсе, бүкіл әлемді ойландырарлық бастама болады.

Ауызша. Заңмен тыйым бұл елдерге қаншалықты тиімді? Өйткені біразы тері мен жүн сату арқылы сауда айналымын ұлғайтып, ел экономикасын өркендетіп отыр. Ал өзге елдер үшін қатыгездікке шектеу қою арқылы игілікті іс жасап отыр. Бастысы, олардың үлгі аларлық тұсын іліп алса игі.