Швецияда әлемдегі алғашқы электрлі паром қатынай бастады
Швеция астанасы Стокгольмде әлемдегі ең алғашқы электрлі сал қайық қатынай бастады.
Бұл қаладағы кептелісті азайтып қоймай, экологиялық бағыттағы тиімді шешімнің біріне айналады - дейді жоба авторлары.
Электрлі сал қайық Стокгольм шетіндегі Экерё ауданы мен қала орталығы арасында қатынайды. Бұл бағыттың қашықтығы 15 шақырымдай. Бұрын осы жолды қайықпен жүріп өту үшін бір сағаттай уақыт кететін. Енді жағдай өзгерді.
Густав Хассельскуг, қайық жасайтын Candela компаниясының бас директоры:
"Әдетте басқа қайықтармен бұл қашықтықты еңсеруге 50 минуттай кететін. Қазір уақыт екі есе қысқарды. Жолаушылар қаланың бір басынан екінші басына дейін 25-ақ минутта жетеді. Яғни кәдімгідей уақыт үнемдеуге болады."
Сал қайық уақыттан бөлек электр энергиясын да үнемдейді. Өйткені басқа көліктер судың кедергісін азайту үшін көп қуат жұмсайды. Ал бұл сал қайық арнайы "қанаттардың" көмегімен су үстімен қозғала алады.
Густав Хассельскуг, қайық жасайтын Candela компаниясының бас директоры:
"Жолаушылар тасымалдайтын сал қайықтар дизельді отынды көп тұтынады. Мәселе осында. Өйткені бұл қымбат әрі қоршаған ортаға зиян. Ал суасты қанаттары мен электр жетегінің арқасында біздің көлік электр энергиясын тұтыну мөлшері 75 пайызға дейін азайтады."
Қайыққа бір уақытта 25 жолаушыға дейін сыйады. Сонымен қоса 3-4 велосипед қоятын орын да қарастырылған. Жоба авторлары келешекте оны тек Швеция ғана емес, өзге елдерде де қолдануға болатынын айтады.
Густав Хассельскуг, қайық жасайтын Candela компаниясының бас директоры:
"Су жолдары тасымалдың бұрыннан келе жатқан түрі. Бірақ көп қолданылмай жүр. Өйткені су көліктері қоршаған ортаны қатты ластайды. Енді технологиялардың көмегімен бұл кемшіліктің орнын толтыруға болады."
Кейінгі жылдары Швеция билігі қоршаған ортаның ластануын азайту үшін түрлі шаралары қолға алып келеді. Алдағы уақытта ел астанасы Стокгольмнің орталығындағы 20 ауданда жанарамай не дизельді отынмен жүретін көліктердің қатынауына тыйым салынады. Тиісті шектеу жыл соңында күшіне енуі мүмкін.
Жулдыз Атагельдиева, Асель Абдыхалыкова, Дәулет Кибраев