Әлемде қант диабетіне шалдыққандар көбейді
Бүгін Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні.
Халықаралық қант диабеті Федерациясының дерегіне сәйкес, жер бетінде шамамен 537 млн адам қант диабетімен ауырады. Көрсеткіш 2045 жылға қарай, 783 миллионға дейін артады деген болжам бар. Жалпы бұл дертке жас та, ересек те шалдығады. Дегенмен, кейінгі жылдары 5-19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің арасында диабетпен ауыру көрсеткіші өсіп келеді. Бұған не себеп?
Жер бетінде әр оныншы адам қант диабетіне шалдыққан. Халықаралық қант диабеті Федерациясының статистикасына сәйкес, бұл дерт Қытай, Үндістан, АҚШ, Индонезия, Бразилия, Ресей, Мексика, Германия, Жапонияда көп таралған. Мысалы, Қытайда 140 миллион адам аурады. Оның ішінде 40 миллионға жуығы өмір бойы инсулин инъекциясына тәуелді.
Қант диабеті ең көп тіркелген елдер
Қытай - 140 млн
Үндістан - 67,8 млн
АҚШ - 30,7 млн
Индонезия - 21 млн
Бразилия - 12 млн
Ресей - 11 млн
Мексика - 8,5 млн
Германия - 7,5 млн
Жапония - 7 млн
ЦИТАТА:
2021 жылы қант диабеті мен қант диабетінен туындаған бүйрек ауруларынан 2 миллионнан астам адам көз жұмды. Сондай-ақ, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлімнің шамамен 11%-ы қандағы глюкозаның жоғарылауынан туындайды. Қант диабетінен емделуге болады. Оның әсерін диета, физикалық белсенділік, дәрі-дәрмек, асқынуларды үнемі скрининг және емдеу арқылы болдырмауға немесе кешіктіруге болады. ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫ
Кейінгі 4 жылда АҚШ-та жасөспірімдер арасында қант диабетіне қарсы дәрі-дәрмекке сұраныс 600 пайызға артқан. Әсіресе 12 жастан 18 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында. Жалпы қазірде АҚШ-та екінші типтегі семіздік пен қант диабеті бар 15 миллионға жуық жеткіншек бар. Артық салмақ қосып, семіздіктен зардап шегушілер адамды арықтатын дәріге тәуелді. Америка дәріханаларында мұндай препараттар ашық түрде сатылады. Дәрігерлер әзірге препараттың қаупі байқалмағанымен оның жанама әсері барын жасырмай айтуда.
ЦИТАТА:
2020-2023 жылдар аралығында АҚШ-та балалар мен жасөспірімдерге сатылған препараттардың саны 594%-ға өскенін анықтадық. Олардың кері әсері бар-жоғын білу үшін дәріні тұтынған балаларды бір жыл бойы бақылауда ұстадық. Меніңше, оның қаншалықты қауіпті екенін анықтауға бір жыл жеткіліксіз. Ұзақ мерзімді бақылаудан кейін ғана нақты айта аламыз.
Джойс Ли, Мичиган университетінің педиатр дәрігері:
- Кейінгі он жылда қант диабетін емдеуге арналған 40-тан астам дәрі-дәрмек пен инъекциялар бекітілді. Сарапшылар 2026 жылға қарай қант диабетін емдеудің әлемдік нарығын 68 миллиард еуроға бағалап отыр. Өйткені қант диабетімен күресуге жаңа технологиялар қолданылмақ. Мәселен, 1 типті қант диабетіне алдын-ала диагноз қоя алатын микрочиптер, глюкоза мен инсулинді өлшеу кезінде қан ағымы арқылы жүретін нанороботтар немесе қант диабеті мен семіздіктің алдын алу үшін тағамның қорытылуын баяулататын кремний бөлшектері шығарылуы мүмкін.
Фариза Жанғанаева