Болашақта ұшақтан жылдам пойыздар шығуы мүмкін
Көлік индустриясында бәсеке көп. Зауыттар түрлі әдіске көшті. Ал техниканың шапшаңдығы артқан үстіне артып барады. Тіпті пойыздар ұшақпен жарысатын болды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл әуе қатынасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Жалпы әлем елдеріндегі жүрдек пойыздардың даму қарқыны қандай?
Әлемдегі ең алғашқы жоғары жылдамдықты пойыз Жапонияда пайда болғанымен, қазір ең жылдамы Қытайда, ол – Шанхай маглевы. Маглев сөзі магнитті левитация деген сөздердің қысқартылған түрі. Яғни, бұл технологияның сыры магниттердің өзара әрекетінде жатыр, олардың бірдей полюстері кері тебеді. Қытайлықтар мақтан тұтатын Маглев сағатына 460 шақырым жылдамдықпен жүреді. Пойыз Шанхайдағы Пудонг халықаралық әуежайынан Лонгьян метро станциясына дейін барады. 30 шақырымдық жолды 7 минут 20 секундта еңсереді. Қытай бұл қарқыннан таймақ емес. Бірер күн бұрын Шанхай – Чунцин – Ченду арасындағы жоғары жылдамдықты пойыздар үшін Чунтай – Янцзы туннелінің құрылысы басталды.
Екінші жылдам пойыз да Қытайда. 2010 жылдан бері отарба Шанхай мен Нанкинді байланыстырады. Қазір Шанхайдан Ханчжоуға және Уханнан Гуанчжоуға баратын пойыз да сағатына 379 шақырым жылдамдықпен жүреді.
Италияның «қызыл жебесі» деген атпен танымал пойыз Еуропадағы ең жылдам пойыз. Миланнан Флоренцияға немесе Римге жолаушыларды 3 сағатта жеткізетін пойыз сағатына 354 шақырым жылдамдықпен жүреді. Келесі Испаниядағы ең жылдам пойыз – Siemens компаниясы шығарған Velaro E. Бұл жолаушыларды Барселонадан Парижге 6 сағатта жеткізе алады және сағатына 349 шақырым жылдамдықпен жүреді.
Илон Маск 1 сағатта кез келген жерге жеткізетін пойыздың идеясын ұсынды
Илон Маск Лос-Анджелестен Сан-Францискоға бар болғаны 30 минутта жетуге болатын көлік түрінің жобасын ұсынған болатын. Ал екі қаланың арасы ұшақпен 1 сағат, жеңіл көлікпен 6 сағат. Бұл осыдан 11 жыл бұрынғы идея. Илон Маск бұл көлікті пойыз, ұшақ, авто және кемеден кейінгі бесінші көлік түрі ретінде таныстырған. Hyperloop арнайы тіреулердің үстінен өтетін жер үсті құбыры секілді ойластырылған. Ал оның ішінде сағатына 480 мен 1220 шақырымға дейін қозғалатын капсулалар болады. Капсуланың ұзындығы шамамен 25-30 метр және қатынау аралығы – 30 секунд. Hyperloop жобасы жүзеге асатын болса, адам және жүк тасымалы саласында үлкен төңкеріс болмақ. Сол идеяның тесттік нұсқасы сәтті орындалды, Дегенмен, Hyperloop жұмыс істеу үшін қанша энергия қажет екені әлі белгісіз.