Түркияда жаңа 50 және ескі 100 долларлық ақшаны қолдану тоқтатылды

Түркияда ескі 100 және жаңа 50 долларлық қағаз ақшаны қабылдау тоқтатылды. Бұған елде сапасы жағынан нағыз купюралардан ешқандай айырмашылығы жоқ долларлардың тарағаны жөнінде ақпар себеп болған.

Түрік банктері мен айырбастау пункттері жаңа 50 және ескі типтегі 100 долларлық банкноттармен операцияларды тоқтатты. Шешім елде 600 миллион доллар сомасында жалған америкалық ақшалардың бар екені туралы хабарлардан кейін қабылданған. Мәселеге қатысты Түркияның айырбастау пунктері қауымдастығының басқарма мүшесі Мустафа Үнвер билікке ақша санау машиналары мен банкоматтардың бағдарламалық жасақтамасын жаңартуды ұсынып отыр. Өйткені олар: «Мұндай жалған ақшаларды анықтауға қабілетсіз», – дейді.

Мұстафа Үнвер, Түркия айырбастау пункттері ассоциациясының басқарма мүшесі:

- Біз жаңа 50 долларлық және ескі 100 долларлық банкноттармен операцияларды уақытша тоқтаттық. Бұл азаматтарды қаржылық шығындардан қорғау үшін жасалып отыр. Бағдарламалық жасақтаманы жаңарту шамамен 7-10 күнге созылуы мүмкін.

Бірақ дәл осы ассоциацияның төрағасы Мехти Шереннің пікірінше, елде тараған жалған долларлар туралы жаңалықтар шындыққа жанаспайды. «Олар қоғамда дүрбелең тудыруға бағытталған», – дейді ол.

Мехти Шерен, Түркия айырбастау пункттері ассоциациясының төрағасы:

- Жалған ақша туралы нақты дәлелдер емес, тек қауесеттерге негізделген мәлімдемелер жасалып жатыр. Бұл қоғамда үрей туғызып отыр. Біз бір апта бойы жүргізген тексеру барысында тек екі жалған банкнот таптық. Олардың өзі ақша санау машинасынан өтпей қалған. Гранд базарда басқа ешқандай жалған валюталар табылған жоқ.

Жағдайға қатысты тергеу жұмыстары басталды. Елдің Орталық банкі тексеруді күшейткенін мәлімдеді. Сондай-ақ Түркияға Иран мен Балқан түбегі елдерінен жалған ақша кіргізген деген күдікпен тоғыз адам қамауға алынды.

Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын Ыстамбұл полициясы арнайы операция барысында 3,6 миллион жалған еуро тәркілеген болатын. Іске қатысты бір адам қамауға алынған.

Авторы: Меруерт Қанағат.