Газа секторында азық-түлік 1000% қымбаттады
Газа секторында қарулы қақтығыс басталғалы негізгі азық-түліктің бағасы мың пайызға өскен. БҰҰ дерегі осындай, деп хабарлайды 24kz.
Мұнда атыс-шабыстан егіс алқаптарының көбі бүлінген. Ірі қара малдың 95%-і, сондай-ақ қой-ешкінің жартысы қырылып қалған. Содан ішкі өндіріс жоқтың қасы. Ал сырттан жеткізілетін көмекті Израиль әскері шектеп отыр дейді халықаралық ұйым өкілдері. Салдарынан кейінгі күндері Газа секторының орталық өңірлерінде ұн тапшылығы ушығып барады. Осыған байланысты бірқатар наубайхана жұмысын тоқтатқан. Ал солтүстік аймақтарда газ жетіспей жатыр. Содан тамақ пісіру үшін жұрт қалдықтарды жағуға мәжбүр. «Ал бұл түрлі аурулардың таралу қаупін арттырады», - дейді мамандар.