Түркияда 2025 жылы салық пен төлемдер 40%-ке өседі

Түркияда 2025 жылы салық пен төлемдер 40%-ға өседі, деп хабарлайды 24KZ. Оған елдегі инфляцияның шарықтауы себеп. Өткен айда ол 43,93% құрады. Осы индекс келесі жылға мемлекеттік бажды қайта есептеуге негіз болды. Сарапшылар: «Бұл шешім елге көп өзгеріс әкелуі мүмкін», – дейді.

Түркияда 2025 жылы қайта бағалау коэффициентіне сәйкес елде 1 қаңтардан бастап жүргізуші куәлігі, төлқұжат, автокөлік салығы, ұялы телефон салығы, жол ережесін бұзғаны үшін төленетін айыппұлдар 43,94%-ке өседі. Мысалы, үш жылдық шетелге шығу визасының бағасы $163-тен $235-ке дейін артады. Ал «Б» санатының жүргізуші куәлігі үшін төлейтін сома $151-ден $218-ге көтеріледі. Сондай-ақ шетелден әкелінген мобильді телефондарды тіркеу бағасы да қымбаттайды. IMEI нөмірін тіркеу үшін бұрынғы 930 доллардың орнына 1340 доллар төлейді. 

Жол қозғалысы ережелерін бұзғандар үшін айыппұлдар да өседі. Сонымен қатар автокөлік иелерінен алынатын жыл сайынғы көлік салығы да көтеріледі.

Мехмет Шимшек, Түркияның Қаржы және қазына министрі:

- 2025 жылы қаржы саясаты биылғы жылдан гөрі қатаң болады. Бірақ ол бюджет тапшылығы мәселесін шешуге көмектесуі мүмкін. Елдің кіріс саясаты да жақсаруы керек. Инфляциямен күресу үшін мемлекеттің бақылауындағы бағалар бойынша тиісті шаралар қабылданады. Оның деңгейін қатты шарықтағанға дейінгі межеге жеткізу үшін шамамен 3-4 жылдай кетуі мүмкін.

Дегенмен жеке сектордың инфляцияға қатысты болжамы өзгеше. Кәсіпкерлер ел экономикасын алда әлі ауыр сынақтар күтіп тұр деп ойлайды. Бірақ Түркияның Қаржы және қазына министрі Мехмет Шымшектің жақында жасаған мәлімдемесіне қарағанда дефляциялық процесс қазірдің өзінде қоғамының барлық саласында сезіліп, оң әсер ете бастаған.

Мехмет Шимшек, Түркияның Қаржы және қазына министрі:

- Инфляцияның бір таңбалы санға түсуі – біздің бағдарламамыздың ең маңызды тармағы. Инфляция 2025 жылы айтарлықтай төмендейді деп болжап отырмыз. Бірақ оның деңгейін қалыпты жағдайға жеткізу үшін 2,5-3 жылдай уақыт керек. Қазір валюталық құбылу едәуір азайды. Пессимист болуға ешқандай себеп жоқ.

Сарапшылар шешім экономикадағы кейбір салаларда бағаның қайта өсуіне әкеліп, инфляциялық қысымды арттыруы мүмкін деп отыр. Ал үкімет болса: «Бұл шаралар қазіргі кездегі жағдайда экономиканы тұрақты басқару үшін қажет», – дейді.

Авторы: Меруерт Қанағат.