Оңтүстік Кореяда президентке импичмент жариялануы мүмкін
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль отставкаға кетуі керек. Оның әскери жағдай енгізуі – жай ғана қателік емес, Отанға жасалған сатқындық. Бүгін Сеулдің әртүрлі аймақтарында осындай ұрандармен шерулер өтті. Бұл уақытта президент әкімшілігіндегі мемлекет басшысының көмекшілері отставкаға кетті.
Оппозициялық партиялар мен қоғамдық ұйымдар мүшелері бүгін күні бойы митингтер өткізді. Наразылық білдірушілердің талаптары шамамен бірдей болды – Президент Юн Сок Ёль отставкаға кетуі керек. Бас оппозициялық «Тобуро» партиясы мемлекет басшысының кеше әскери жағдай енгізуін бүлік деп санайды. Олар елдің қорғаныс министріне де осындай айып тағып отыр. Өйткені ол президентті қолдап, Сеул көшелеріне әскер шығарған.
Чон Ха Рам, жаңа реформалар оппозициялық партиясының мүшесі:
- Президентке импичмент жариялау аса дұрыс іс емес. Заң шығарушы үшін де. Бірақ бұл адам, Юн Сок Ёль, конституцияны бұзатын ессіз әрекетке барды. Ол іс жүзінде мемлекеттік төңкеріс жасады. Импичмент енді таңдау емес, бұл қажеттілік.
Пак Ки Мун, Сеул қаласының тұрғыны:
- Юн Сок Ёльге импичментті кеше-ақ жариялау керек еді. Бұл үшін ең қолайлы мүмкіндік болды. Юн мүмкіндігінше тезірек отставкаға кетуі керек. Егер импичмент қазір басталмаса, халық алаңдаулы күйде өмір сүруді жалғастырады. Сондықтан Ұлттық ассамблея партиялық айырмашылықтарға қарамастан осы сәттен бастап бірігіп, импичментке дайындалуы керек.
Консервативті «Халық күші» партиясы мен либералды «Тобуро» партиясының текетіресі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Консерватор Юн Сок Ёльдің басты қарсыласы – 2022 жылғы президенттік сайлауда одан жеңілген либерал Ли Джэ Мён. Олардың қақтығысы Юн президент болғаннан кейін де жалғасты. Либералдар мемлекет басшысының жұбайын, билік партиясы болса оппозиция жетекшісін Лиді жемқорлыққа барды деп айыптаған. Ал президенттің кеше елде әскери жағдай енгізуіне парламенттегі көпшілікті құрайтын оппозицияның үкімет ұсынған бюджетті қысқартуы себеп болды. Конституция бойынша әскери режимді парламентте көпшілік дауыспен жоюға болады. Оппозициялық партия өкілдері осыны жүзеге асырды. Олардың ендігі мақсаты – Юн Сок Ёльге импичмент жариялау. Демократиялық партия басшысының пікірінше, президент отставкаға кетпеу үшін шектен тыс шараларға баруға дайын.
Ли Джэ Мён, «Тобуро» демократиялық партиясының төрағасы:
- Юн кішкентай пайда үшін үлкен зиян келтіруден тартынбайды. Оның адамдардың өмірін қатерге тігіп, Солтүстік Кореяны арандатып, әскери демаркациялық сызықтың маңында хаос тудырып, ақыр соңында қарулы қақтығысқа әкелу ықтималдығы жоғары.
Президент Юн Сок Ёльге қарсы импичмент жобасы парламентке ертең ұсынылмақ. Оппозиция жоспары бойынша дауыс беру 6 желтоқсанда түнгі сағат 12-де басталып, 7 желтоқсанда түнгі 12-ге дейін өтетін отырыс аясында ұйымдастырылады. Президентке импичмент жариялау үшін парламенттегі 300 депутаттың 200-і жақтап дауыс беруі керек. Сондықтан оппозицияға билеуші партияның кем дегенде 18 депутатының қолдауы керек болады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.