Оңтүстік Корея импичментке дайындалып жатыр. LIVE
Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльге импичмент жариялау туралы ұсыныс Парламенттің қарауына енгізілді.
Ұсынысты Ұлттық Ассамблея депутаттарының басым бөлігі қолдады.
Мемлекет басшысын қызметінен уақытша шеттетуге арналған дауыс беру тәулік ішінде өтуі мүмкін. Сонымен қатар, өткен түнде ондаған мың адам Юн Сок Ёльдің отставкаға кетуін талап етіп көшелерге шықты.
Өткен түн қалай өтті? Сеул көшелерінде жағдай тұрақты ма?
Владислав Цой, тілші:
- Бұл сеулдіктер үшін қатарынан екінші ұйқысыз түн болды. Қаланың басты алаңы – Кванхвамун адамдарға лық толды. Олар «Президент отставкаға кетсін» деп ұрандатты. Қолдарында шамдар болды. Бұл 2016 жылы Президент Пак Кын Хэге қарсы өткен митингілерді еске салды. Көптеген адамдар ел басшысы Юн Сок Ёль қызметінен кеткенше наразылықтарын жалғастыратынын айтты.
О Су Мин, Сеул қаласының тұрғыны:
- Мен мұнда кешегі оқиғаға, әскери төтенше жағдай енгізуге әрекеттенуге байланысты өз наразылығымды білдіру үшін келдім. Бұл өте антидемократиялық қадам болды. Бақытымызға орай, біз оны тоқтата алдық. Бірақ мәселе мынада: осындай ақылға сыйымсыз әрекетке барған адамдар әлі де өз орындарында отыр. Олар кетпейінше, біз өзімізді толық қауіпсіз сезіне алмаймыз.
Чон Сын Иль, Сеул қаласының тұрғыны:
- Мен түн ортасында жаңалықты есту үшін оянсам да түс көріп жатқан шығармын деп ойладым. Бұл жағдайдың 21-ғасырда біздің елімізде болғанына сену қиын болды. Әке ретінде мен болашақта балам қандай елде өмір сүретініне қатты алаңдадым. Қазір біз бұл дағдарысты жеңіп, осы мүмкіндікті пайдаланып, Оңтүстік Кореяны одан әрі жақсы дамытуымыз керек.
Владислав Цой, тілші:
- Бұл түн Парламент депутаттары үшін де ұйқысыз өтті. Түн жарымынан кейін олар Президент Юн Сок Ёльге импичмент жариялау туралы ұсынысты қарауға ұсынды. Оппозициялық партия өкілдерінің айтуынша, Президент Юнның 3 желтоқсанда әскери төтенше жағдай енгізуі Конституция мен заңдарды, оның ішінде халық егемендігі мен билік бөлінісі қағидаттарын бұзған. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде сөз бостандығы шектеліп, барлық БАҚ пен жарияланымдар бақылауда болды, ал ереуілдер мен жиналыстарға тыйым салынды.
Чон Мен Хо, Корея Республикасы парламентінің қызметкері:
- 4 желтоқсанда 191 депутат, соның ішінде Пак Чхан Дэ мен Чо Кук, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльге импичмент жариялау туралы ұсыныс жасады. Ал 170 заң шығарушы, соның ішінде Пак Сон Чжун, Қорғаныс министрі Ким Ён Хёнге импичмент жариялауды талап етті.
Владислав Цой, тілші:
"Бүгін Президент Юн Қорғаныс министріннің импичмент рәсімін күтпестен оның отставкасын қабылдады. Импичмент туралы заң жобасына дауыс беру бүгін түн ортасында басталуы мүмкін. Президентке импичмент жариялау ұсынысының қабылдануы үшін оны Ұлттық Ассамблея мүшелерінің үштен екісі қолдауы тиіс. Дауыс беру жасырын түрде өтеді. 300 депутаттың ішінде тәуелсіз спикер У Вон Сик, депутат Ким Чон Мин және оппозициялық партияның 190 мүшесі импичментті қолдайды деп күтілуде. Заң жобасын қабылдау үшін билеуші Партиядан сегіз депутат қолдау білдіруі қажет. Алайда бұл партияның көшбасшысы Хан Дон Хун импичменттің қабылдануын болдырмау үшін күш салатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Парламенттің үштен екісінен басқа, Конституциялық соттың тоғыз мүшесінің алтауы бұл ұсынысты мақұлдауы керек.