Еуроодақ және МЕРКОСУР елдері еркін сауда туралы келіссөздерді аяқтады
Еуропалық одақ пен Латын Америкасы елдері еркін сауда туралы келіссөздерді аяқтады.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, бұл келісім МЕРКОСУР елдеріне тауар жеткізетін 60000 компанияға оң әсерін тигізеді. Оның сөзінше, кәсіпорындар тарифтердің төмендеуінен, кедендік рәсімдердің жеңілдетілуінен пайда көреді, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Еурокомиссия басшысы сонымен қатар келісімде еуропалық фермерлердің мүдделерін қорғау шаралары қарастырылғанын атап өтті. Ол фермерлердің алаңдаушылығын ескере отырып, сенімді қорғаныс шаралары енгізілгенін айтты.
Айта кетейік, бұл келісімге дайындық жұмыстары 25 жылға жалғасты. МЕРКОСУР құрамына Бразилия, Аргентина, Парагвай, Уругвай және Боливия елдері кіреді.