Румынияда президент сайлауының нәтижесі жойылды

Румынияның Жоғарғы Конституциялық соты президент сайлауының бірінші кезеңі нәтижесінің күшін жойды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл шешім ұлттық қауіпсіздік қызметтерінің оңшыл радикал, тәуелсіз үміткер Кэлин Джорджескудің пайдасына бұрмалануы мүмкін деген ескертуінен кейін қабылданды. Арнайы қызметтер үміткерге қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік желілерде мыңдаған бот-аккаунттар қолданылғанын растайтын құжаттарды жариялады. Джорджеску белсенді үгіт-насихат жүргізбеген, теледебаттарға қатыспаған және өз мәлімдемесіне сәйкес науқанға ақша жұмсамаған.

Соған қарамастан, ол бірінші турда күтпеген жерден 23%-ке жуық дауыс жинап, Елeна Ласконимен бірге екінші турға өтті. Президенттік сайлаудың екінші туры осы жексенбіде өтуі керек еді. Бірақ сайлау кейінге қалдырылды.