Ливан халқы Сириядан босқындардың көптеп келіп жатқанына алаңдаулы
Ливан тұрғындары Сирияда жағдайдың ушығуына байланысты елге пана сұрап келген босқындардың артуына алаңдап отыр.
Көрші халықтың қоныс аударуы қос мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа кедергі келтірмей ме деген қауіп те бар. Соған қарамастан сириялық босқындарды қабылдап, оларды қолдауға әзірміз, дейді жергілікті жұрт. Бір аптада Сирияда көтеріліс өршіп, оппозициялық күштер Алеппо, Хама және Идлиб қалаларын басып алды.
Сара, жергілікті тұрғын:
- Сириялықтардың біздің елге қоныс аударатыны сөзсіз, өйткені олардың паналайтын басқа жері жоқ. Біз бұған дейін де есігімізді ашып, бауырларымызды жылы қабақпен қарсы алдық. Қазір де бұған дайынбыз. Дегенмен, елге келуін келіп, біздің де шырқымызды бұзбайды ма деген күдік бар."
Сириялықтар Хомс қаласына қашып, пана тапты
Ал қақтығыстан қажыған сириялықтар Алепподан Хомс қаласына қашып жатыр. Босқан халық шаһардағы мектеп ғимараттарын паналауға мәжбүр. БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметіне сүйенсек, көтеріліс басталғалы Сирияның солтүстік-батысынан басқа аймақтарға қарай 280 мыңнан астам адам қоныс аударған. Шиелініс осы қарқынмен жалғаса берсе, босқындар саны 1,5 млн жетуі мүмкін деген болжам бар.