Қытайлар климатқа төзімді картоп түрін өсіріп шығарды
Биыл жаһандық жылыну салдарынан Қытайдың ауыл шаруашылық секторына айтарлықтай шығын келді.
Әсіресе картоп өнім бермеген. Осыған байланысты сала мамандары мен биолог ғалымдар мәселені бірлесіп шешуді қолға алып, құбылмалы климатқа төзімді өнім өсірудің жанама жолын тапты. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл әдіс арқылы картоптың өнімділігін сақтауға болады.
Бейжіңнің солтүстік-батысындағы зерттеу орталығында биолог Ли Цзепин және оның командасы картоптың ыстыққа төзімді сұрыптарын шығарумен айналысады. Бұл үшін ақ картоп гүлдерінен тозаң жинайды. Жақында мамандар картоптың жаңа түрін шығара алған. Айтуларынша бұл сұрыптың көлемі бейсбол добынан екі есе үлкен болады екен.
Ли Цзепин, биолог:
- Температурының тұрақсыздығы көп алаңдатады. Сондықтан оның ауытқуы орташа есеппен 3 градус болатындай параметрлерді қолдандық. Бұл өнімділікке айтарлықтай әсер етті. Өйткені ауа райының әдеттегіден қатты ысуы бұған дейінгі картоп сорттарының өнімділігін айтарлықтай төмендеткен еді. Нәтижесінде, олардың өнімділігі төмендеп, жақсы шықпады.
Қытай әлемдегі ең ірі картоп өндіруші ел. Ол жоғары өнімділігіне байланысты жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі үшін өте маңызды дақыл саналады. Бірақ олар қатты ыстыққа аса төзімді емес. Тіпті температураның бірнеше градусқа жоғарылауы картоптың өнімділігіне айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан, ғылыми топ оның жаңа түрлерін шығару үшін Хэбэй провинциясының солтүстігінде, Ішкі Моңғолия алқаптарында және биік таулы провинцияларда ағымдағы орташа температурадан 3°C жоғары камерада өсірген. Бірақ ғалымдар жауын-шашынның шамадан көп түсуі де дақылдың өнімділігіне кері әсер ететінін айтады.
Хэбэй Цзюэнь Ван Шии, ауылшаруашылық саласын дамыу компаниясының бас директоры:
- Биыл толассыз жаңбыр картоп өнімділігіне айтарлықтай залал келтірді. Бұл картоп түйнектерінің шіруіне әкелді. Сондай-ақ, жауын-шашын егін жинау процесін едәуір кешеуілдетті. Бар жоғы 60-75% ғана егін жинап үлгердік.
Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына сәйкес, жаһандық жылыну салдарынан 2100 жылға қарай жер беті 3,1°С-қа дейін жылыну қаупі бар. Бірақ қытайлық шаруалар қолайсыз ауа райының салдарын қазірдің өзінде сезініп жатқанын айтады.
Фариза Жанғанаева