Сирияда Башар Асад билігі құлады
Сирияда көтерілісшілер кеше ел астанасы Дамаскіні басып алып, Башар Асад билігінің құлағанын мәлімдеді. Премьер-министр Мұхаммед Ғази әл-Жалали мемлекетті басқаруды халық таңдаған топқа өткізуге дайын екенін айтты. Бұл жаңалықты Сирия халқының көбі қуана қарсы алды. Дегенмен мұнымен бәрі түзеледі деуге келмейді. Жағдайға алаңдап өзге елге кетіп жатқан тұрғындар да бар.
Сириядағы әскери қақтығыс 27 қарашадан бастап өршіді. Бүліктің алғашқы күні «Хайат Тахрир аш-Шам» қарулы тобы бастаған оппозициялық күштер Идлиб провинциясының солтүстік-батысынан шабуылға көшті. Арада 3 күн өткен соң көтерілісшілер елдің екінші ірі шаһары Алеппоға басып кірді. Осыдан кейін Хама, Хомс қалаларына бет алып, көп ұзамай оларды да бақылауына алады. Ал кеше қарулы топтар ел астанасы Дамаскіге кіріп, мемлекетті көп жылдан бері билеп төстеген Башар Асад билігінің құлағанын мәлімдеді. Бұл хабарды халық қуанышпен қарсы алды.
Натали Хомси, тұрғын:
- Біз бұл сәтті жылдар бойы күттік. Қарсы күрестік. Шыдадық. Тыныш өмірге ораламыз деп сендік. Ақыры бұл күн туды. Бұдан былай Сирия халқы күш біріктіреді.
Қарулы топ Дамаскке бет алғанда Башар Асадтың елден қашып кеткені туралы хабар тарады. Артынша премьер-министр Мұхаммед Ғази әл-Жәләли мұны ресми түрде растап, билікті тапсыру бойынша кез келген іс-шараны жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ халық таңдаған үкіметпен ынтымақтасуға әзір екенін айтты.
Мұхаммед Ғази әл-Жалали, Сирия премьер-министрі:
- Мен мемлекетті тастап, ешқайда кеткенім жоқ. Өйткені бұл менің елім, ал мен соның азаматымын. Сириядағы саяси жағдай тұрақталғанын қалаймын. Біздің елдің көрші мемлекеттермен, бүкіл әлеммен жақсы қарым-қатынас орнатуға қауқары жетеді. Бірақ бұл мәселемен енді Сирия халқы таңдайтын жаңа үкімет айналысады. Біз оны қолдауға дайынбыз.
Мәлімдемеге жауап ретінде көтерілісшілер жетекшісі Дамаск қаласындағы мемлекеттік мекемелер билік ресми түрде берілгенше премьер-министрдің бақылауында қала беретінін мәлімдеді. Алайда елдегі жағдай тұрақсыз болғандықтан, бас амандығы үшін көрші мемлекеттерге бет алған тұрғындар қарасы артып жатыр.
Рама, Алеппо қаласының тұрғыны:
- Қазір қашу өте қиын. Қауіпсіз жер іздеп, бағытты ауыстырғанмен, қарулы топ күтпеген жерден шыға келуі мүмкін. Өйткені олар қаланы қоршап, басып алды. Тәуекелге баруға қорқып отырмыз.
Дегенмен Асад билігінің құлағанына қуанған жұрт қарасы көп. Әсіресе бір кездері әскери қимылдардан өзге елдерге қашып барған сириялықтар мәз мейрам. Көтерілісшілердің жеңісін естіп туған жерлеріне орала бастағандар да бар. Олар елдегі жағдай тез тұрақталар деген үмітте. Ал дерекке сүйенсек, Сирияда 2011 жылы басталған азаматтық соғыстан 6 миллионға тарта адам шекара асқан.
Идрис Хегази, сириялық босқын:
- Мен осы уақытқа дейін Түркияны паналадым. Ауылдың азат етілгенін естігеннен кейін үйімізді көру үшін қайтып келдік. Құдайға тәуба. Бірақ әскери қимылдардан баспанамыздың тас-талқаны шығып қираған. Қалай болғанда да, мұның барлығын қалпына келтіруге болады. Бастысы өз атамекенімізде, үйіміздеміз.
Қарулы топтар Дамаскіні алып, бұрынғы режимнің құлағанын жариялағанымен, елдің саяси жағдайы қалай өрбитінін болжап айту қиын. Егер көтерілісшілердің түрлі қарулы топтардан құралғанын ескерсек, Сириядағы ахуал күрделенуі мүмкін.
Авторы: Фариза Жанғанаева.