Орталық Азия елдері атом энергетикасына бет бұрды

Әлемде көптеген мемлекет атом энергетикасына түбегейлі бет бұрды, деп хабарлайды 24kz.

Бұған дейін одан бас тартқан кей елдер өндірісті қайта іске қосып жатыр. Дүниежүзілік атом қауымдастығының бас директоры Сама Бильбао и Леон арнамызға берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді. Ол Самарқандта өткен энергетикалық конференцияға қатысып, саладағы соңғы өзгерістерге тоқталды. Орталық Азияның осы саладағы әлеуетін де сөз етті.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Әлемде атом энергетикасымен айналысатын мемлекеттер тізіміне жақын арада Қазақстан мен Өзбекстан қосылады. Орталық Азияның қос алып экономикасы бұл іске білек сыбана кірісіп жатыр. Көп ұзамай көршімізде аз қуатты АЭС іргесі қаланады. Ал біздің елде энергетикалық нысанды салуға қатысты референдум өтіп, жобаны жан-жақты зерделеу ісі қолға алынды.

Самарқандтағы форумның арнайы қонағы Сама Бильбао и Леон бастаманың уақыт талабы екенін айтады. Оның пікірінше, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту мен көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жаңартылған энергия көзінсіз мүмкін емес. Атом қуаты сол талапқа толық сай келеді. Оның үстіне жаһан уранды бейбіт мақсатта қолданудың тиімділігін түсінді. Артықшылығын барынша байқап келеді.

Сама Бильбао и Леон, Дүниежүзілік атом қауымдастығының бас директоры:

- Былтырғы климаттық саммитте жер шарындағы 199 мемлекет атом энергетикасының қоршаған ортаға зияны емес, керісінше, пайдасы көп екеніне көз жеткізіп, біздің сала жұмысына қолдау білдірді. Ал биыл Бакуде өткен COP-29 форумында 31 ел атом станциялары арқылы өндірілетін электр қуатының көлемін үш есе арттыру жөнінде міндетке келісім берді. Осының өзі атом энергиясына деген қызығушылықтың едәуір артқанын байқатады. Оның үстіне әлемде көптеген мемлекет атом энергетикасына түбегейлі бет бұрды. Бұған дейін одан бас тартқан кей елдер өндірісті қайта іске қосып жатыр.

Осы тұста Орталық Азия елдерінің 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жоспары бар. Мұндай меже экологиялық ахуалды жақсарту үшін қажет. Қазірдің өзінде өндірістік және кәсіпкерлік әлеуеті жоғары қалаларда ауаға таралатын зиянды қалдық мөлшері тым көбейген. Оны кеміту үшін көмір және газбен жұмыс істейтін станцияларды тоқтатып, тек күн-жел генерациясына сенім арту қисынсыз. Шығыны да шаш етектен. Сондықтан Еуропа атом электр қуатынан толыққанды бас тартып жатқан жоқ. Кей елдер станцияны қолдану мерзімін ұзартып, жаңа жобаларға ден қойған.

Бахтиёр Эргашев, энергетик, «MA'NO» Зерттеу бастамалары орталығының директоры:

- Әлемде атом энергетикасымен бұрыннан айналысып келе жатқан елдер тобы бар. Оған алдағы бірер жылда жаңа станцияларымен қосылатын мемлекеттерді атап айтсақ болады. Сондай-ақ біз, яғни, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді ірі жобаны қолға алып жатқан тағы бір тарап пайда болды. Бұл Орталық Азия аймағын әлемдік атом энергетикасындағы жетекші елдерге тартымды етіп отыр. Қазақстан мен Өзбекстан АЭС салу мәселесін түбегейлі реттеп алды. Қырғызстан үкіметінің өкілдері де сондай жоспары барын мәлімдеді.

Енді мамандар атом энергетикасын Орталық Азияның қазіргі ахуалына сәйкестендіріп қана қоймай, заңнамалық жүйесін әзірлеуді ұсынып отыр. Бұл іс бірер жылға жалғасуы мүмкін.

Айта кетейік, атом және тұрақты даму тақырыбына арналған конференцияға 15 елден 500-дей делегат қатысты. Олардың арасында саладағы жетекші елдердің тың технологиясы және тәжірибелерімен танысып, зерделеуге келген қазақстандық мамандар да бар.

Авторы: Рауан Мыңбаев