Оңтүстік Кореяда ретро-экспресс пойыз жүреді
Туристік пойыздар әлемдік трендке айналды. Саяхатшыларға бірегей бағдар, жайлы вагондар мен уақыт үнемдеу майдай жағып жатыр. Қытай жасанды интеллектімен жүретін пойызды сынақтан өткізді. Вагондарында 5G байланыс жүйесі болады. Бұл бағытта тағы нендей соны жаңалық бар?
Оңтүстік Кореяда 2013 жылдан бері «V-train» экскурсиялық пойызы жүреді. 3 вагоны бар. Ретро-стильде жабдықталған. 158 жолаушы сыяды. Орташа жылдамдығы – сағатына 30 шақырым. Атауындағы V деген ағылшынша Valley, қазақша «аңғар» деген мағынаны береді. Яғни, бұл пойыз Пэктутэган тау қырқасының аңғарымен жүріп, Чхорам және Пунчхон аудандары арқылы өтеді. Бағдарға 1 сағат 10 минут кетеді. Панорамалық әйнектері бар. Бірнеше жерде суретке түсу үшін арнайы тоқтайды.
Қытайда жасанды интеллектіге негізделген пойыз сынақтан сәтті өтті
Қытайдың Хайнань провинциясында жасанды интеллектіге негізделген туристік пойыз сынақтан сәтті өтті. 4 вагоны бар. Дизайны ерекше. Жасанды интеллект мәліметтерді өңдеп, қызметкерлерге ақпарат беріп отырады, апат кезінде шұғыл хабар жеткізеді. Жолаушылар үшін 5G ұялы байланысы қолжетімді. Вагондарда кофе машинасы, сусындар автоматы және смартфондарды сымсыз қуаттау жүйесі бар. Бір вагонда терезеге қарап шалқайып жататын арнаулы төсек орнатылған. Бұл пойыз тақауда курортты Санья қаласынан Ледоң-Ли автономды уезіне қатынай бастайды.
Швейцария 2 бірегей пойыз бағдары бар
Швейцарияда ең танымал туристік пойыздардың бірі «GoldenPass Express» жүреді. Оған отырған саяхатшы ең әдемі жүрлерді көреді. Альпі тауына шығады, тарихи орындарды аралайды. Жолға бар-жоғы 5-ақ сағат кетеді. Пойызда Wi-Fi, гаджет қуаттау тетіктері, жайлы орындықтар мен ашық террасалар бар. Осындай екінші керемет бағыт – Пилатус теміржолы. Ол 1898 жылы құрылған. 48 пайыз ылди жолмен төмен түседі.
Өзбекстанда ежелгі шығыс стилінде пойыз жүре бастады
Көршілес Өзбекстанда ежелгі шығыс стилінде безендірілген туристік жүрдек пойыз жолға шықты. Жолаушылар Ташкент, Бұхара, Хиуа және Самарқан сияқты тарихи шаһарларды аралап, әсем табиғатты тамашалайды. Вагондарға өзбек өрнектері салынған. Теледидар, сусебезгі және киім сөрелері бар. Қазірдің өзінде бұл пойызға Швейцария, Германия, Ұлыбритания, Люксембург, Канада, Индонезия мен Ирландия туристері отырып үлгерді.
Авторы: Ернат Рахметолла.