Өзбекстан мен Ауғанстан суға қатысты бірлескен комиссия құрды
«Әмудария бойында салынып жатқан ұзындығы 300 шақырымға жуық «Коштепа» арнасы Ауғанстан мен Өзбекстанның шиеленіс ошағына айналмауы тиіс». Ауған үкіметі өкілдері таяуда осылай деп мәлімдеді. Бұған қатысты көрші ел пікір білдіріп, жобаның жай-жапсары әлі талқыланып жатқанын жеткізді.
Өзбекстанның халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне арналған бұл басқосу кейінгі кезде дәстүрге айналып келеді. Оның аясында елдің сыртқы саясаты мен басым бағыттары тереңінен қаузалып жүр. Соның ішінде аймақтағы су тапшылығы мәселесі да бар. Кей сарапшылардың айтуынша, жаңадан салынып жатқан «Коштепа» арнасы Орталық Азиядағы тіршілік нәрі сұранысын еселеп арттырады.
Абдул Ғани Барадар, Ауғанстан уақытша үкіметі премьер-министрінің орынбасары:
- Біз өзбек халқының суға қатысты мүдделерін бұзуды көздемейміз. «Коштепа» арнасының құрылысы шиеленістің ошағы емес, өзара ынтымақтастық пен тату көршілік қатынастың нышаны болуға тиіс. Өзбекстанды басты серіктестеріміздің бірі ретінде қарастырамыз және онымен ұзақ уақытқа негізделген әріптестікті нығайтуға мүдделіміз.
Ауғанстан гидронысанды ауыл шаруашылығына пайдалануға ниетті. Ол іске қосылған соң дария деңгейі 20%-ке төмендейді. Сондықтан суды мақсатты игеру өзекті жайт болып отыр. Ал жалпы ұзындығы 285 шақырым арна елдің оңтүстігіне дейін жетуі мүмкін. Құрылыс жобасын басты назарда ұстау үшін Өзбекстан тарапы бірлескен комиссия құрылғанын мәлімдеді.
Исматулла Иргашев, Өзбекстан президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі:
- Ауғанстан аймақтың өзге де мемлекеттері секілді Әмудария суын пайдалану құқығына ие. Алайда бұл істе барлық елдің мүддесін ескеру қажет. Себебі өзен суының мөлшері жыл сайын өзгеріп тұрады.
Айта кетейік, Әмудария бойында салынатын жаңа арна екі елдің тыныс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Арал аймағындағы мемлекеттерге біршама ықпалы бар. Әмудария бастауын Тәжікстаннан алғанымен, Өзбекстан, Түрікменстан және Ауғанстан аумағын қамтиды. Оның деңгейі кейінгі жылдары құрғақшылық салдарынан да төмендеп барады.
Авторы: Рауан Мыңбаев.