Қытай қысқы туризмді дамытуды қолға алды
Қытай мұзды мүсін фестиваліне қызу дайындық үстінде. Көрші мемлекет кейінгі жылдары қысқы туризмді дамытуға кәдімгідей ден қойған. 2030 жылға қарай соның арқасында 200 миллиард доллардан аса табыс табуды көздейді. Ал Швейцариядағы Альпі тауларын тамашалау үшін елге мыңдаған турист ағыла бастады.
Туристер арасында кеңінен танымал тау мейрамханасы
Швейцарияда тауда орналасқан мейрамхана туристер арасында кеңінен танымал орындардың бірі саналады. Әсіресе қыс кезінде. Себебі шаңғы спортын сүйетіндер мұнда көптеп жиналады. Мейрамхананың ерекшелігі сол, келушілер 3 мың метр биіктіктіктен көздің жауын алатын Альпі тауларын қызықтап отырып, тәтті тағамнан дәм тата алады. Жартастың үстінде орналасқан 2 қабатты мейрамхананың жоғары қабатында туристер гастрономиялық тағамдардан ләззат алса, төменгісінде өзіне-өзі қызмет көрсету залы орналасқан. Ерекше мекемеге аспалы жол арқылы жетуге болады.
Айта кетейік, мейрамхана танымал швейцариялық архитектор Марио Боттаның құрметіне аталған.
Қытай қысқы туризмді дамытуды қолға алды
Қытайдың Харбин қаласында жыл сайын өтетін ерекше мұз және қар фестиваліне қызу дайындық жүріп жатыр. Аталған іс-шараны көруге жыл сайын мыңдаған турист аймаққа ағылады. Биыл фестивальде 260-тан астам мұзды мүсін келушілер назарына ұсынылмақ. Ол 1 миллион шаршы метр аумақты қамтиды. Ауқымды іс-шара желтоқсан айының ортасында басталады.
Жалпы Қытай билігі кейінгі жылдары қысқы туризмге қатты ден қойып отыр. Бүкіл ел бойынша тау-шаңғы шипажайлары ашылып, жаңа теміржол бағыттары іске қосылуда. Соның арқасыдна үкімет ел экономикасын одан әрі дамытуды көздейді. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай туризмнен түсетін табыс 200 миллиард доллардан асуы тиіс.
Мұзды мүсіндер фестивалі
Жапонияда қысқы туризм бұрыннан жақсы дамыған. Елдегі ең танымал іс-шаралардың бірі жыл сайын ақпан айында Саппоро қаласында өтетін мұзды мүсіндер фестивалі саналады. 7 күнге созылатын мерекелік іс-шараға қатысуға әлемнің түкпір-түкпірінен 2 миллионға жуық адам келеді.
Айта кетейін, бұл фестиваль бастауын өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан алады. Бірақ туристердің арасындағы танымалдылыққа 1972 жылғы Саппоро Қысқы Олимпиада ойындарынан кейін ие болды. Сол уақыттан бері жыл сайын ұйымдастырылып, фестиваль аясында қар мен мұздан мүсін жасау бойынша халықаралық байқау ұйымдастырылып тұрады. Бұдан бөлек, әртүрлі мұз айдындары, үлкен қар төбешіктері мен арқанды өткелдер жасалады.